ЖИ энергетикалық бәсекенің алдыңғы шебіне шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы жаһандық энергетикалық бәсеке тек мұнай мен газ үшін ғана емес, жасанды интеллектіні (ЖИ) бірінші болып кім дамытатынымен айқындалады. Бұл жарыста АҚШ жеңіске жетуі тиіс. Мұндай пікірді American Petroleum Institute президенті Майк Соммерс айтты, деп хабарлайды FOX Business.
Майк Соммерстің айтуынша, жасанды интеллектінің қарқынды дамуы электр энергиясына деген сұранысты күрт арттырып отыр. Осы себепті энергетикалық инфрақұрылым АҚШ экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін шешуші факторға айналып келеді.
Ол Дональд Трамп әкімшілігі 2025 жылы энергетика саласындағы мақсаттарының шамамен 90 пайызына қол жеткізгенін атап өтті. Алайда келесі стратегиялық кезең жасанды интеллектімен тікелей байланысты. АҚШ тек ең жылдам әрі тиімді ЖИ жасау жарысында ғана емес, оның энергетика саласындағы мүмкіндіктерін жаңа деңгейде пайдалануда да алда болуы қажет.
Соммерстің айтуынша, алдағы 15 жылда энергияға деген жалпы сұраныс шамамен 50 пайызға өседі. Бұл барлық энергия көздерінің маңызы арта түсетінін білдіреді. Дегенмен ол табиғи газға ерекше назар аударды.
Оның сөзінше, табиғи газ қазіргі америкалық электр энергетикасы мен энергожүйесінің негізі болып қала береді және ЖИ дәуірінде бұл ресурсқа сұраныс одан әрі күшейеді.
– Біз болашақта барлық энергия көздеріне мұқтаж боламыз. Бірақ ең алдымен табиғи газ қажет. Себебі ол сенімді, ауқымды және заманауи энергетикалық жүйенің тірегі, – деді API басшысы.
Соммерс АҚШ-тың ЖИ дәуіріне толыққанды өтуі үшін ауқымды энергетикалық және технологиялық инфрақұрылым құруы қажет екенін атап өтті.
– Біз жасанды интеллект үшін күресте жеңуіміз керек. Бірақ энергия үшін күресте жеңілсек, ЖИ жарысын бастауға да қауқарымыз жетпейді, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, қазіргі бар технологияларға қарамастан, мұнай мен газ қорының шамамен 80 пайызы әлі де жер қойнауында игерілмей жатыр. Осыған байланысты энергетикалық компаниялар жасанды интеллектіні геологиялық барлау, деректерді талдау және жер қойнауын тиімді зерттеу үшін кеңінен қолдану жолдарын іздестіріп отыр.
Оның пікірінше, ЖИ энергетика саласында барлау тиімділігін арттырып қана қоймай, шығынды азайтып, экологиялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
Майк Соммерс бұл үдерістерді жүзеге асыру үшін жүйелі реформалар қажет екенін айтты. Оның айтуынша, жасанды интеллектіні қолдайтын инфрақұрылым құру – болашақта АҚШ-тың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі.
Айта кетейік, бұған дейін Бейжің екі жыл ішінде ЖИ-дың әлемдік астанасына айналуға ниетті екені хабарланған болатын.