ЖИ мен цифрлық процестер Астана тұрғындарына қызмет көрсетуді қалай жеңілдетеді
АСТАНА. KAZINFORM –Бүгінде жасанды интеллект модульдері елорда өмірін қамтамасыз ететін барлық салаға белсенді түрде енгізілуде, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы цифрландыру және қалалық қызметтердің жұмысы туралы Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметов қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Қазіргі таңда елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау процесі толық цифрландырылды. Операторлардың жұмысы GPS-мониторинг және фотофиксация жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде бақыланып отыр. Соның нәтижесінде қоқыс шығару бойынша шағымдар аптасына 200-ден 2-ге дейін азайды. Сонымен бірге қоқыс шығару келісімшарты жоқ 289 мыңнан астам нысан анықталды. Қазір оларды кезең-кезеңімен жүйеге қосу жұмысы жүріп жатыр.
«Қоқыс алаңдары мен полигондардың цифрлық картасы жасалды: әр орын бақылауда, ал заңбұзушылықтар автоматты түрде тіркеледі. Сондай-ақ құрылыс қалдықтарын бақылауға арналған арнайы модуль енгізілді. Бұл жүйе қалдықтардың көлемін, тасымал маршрутын және мердігерлерді міндетті түрде тіркеуді талап етеді», – деді Берік Ахметов.
Сонымен қатар тұрғындар мен қала қонақтарының қолайлылығы үшін қалалық қызметтердің жұмысына цифрлық сервистер енгізілген. Қала тұрғындары мен қызметтер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін бірыңғай байланыс орталығы iKOMEK109, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша 120-дан астам коммуналдық және басқа да қызмет түрін ұсынатын QalaQyzmet орталығы тиімді жұмыс істеп тұр.
Елордада тұрғындарға цифрлық қызметтерге тұрақты әрі жылдам қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін байланыс инфрақұрылымын жаңғырту жалғасуда. Бүгінде барлық 16 тұрғын алабы мен 1 саяжай массиві жоғары жылдамдықты интернетке (100-ден 500 Мб/с-қа дейін) қосылған. 12 мыңнан астам жеке үйге талшықты-оптикалық желі тартылды.
«Сонымен бірге байланыс сапасы төмен аймақтарды («ақ дақтарды») жою жұмысы жүргізілуде. 35 аймақтың 28-і тұрақты сигналмен қамтылды, жыл соңына дейін қосымша 10 антенна-мачталық құрылғы орнатылмақ (қазірдің өзінде 52 АМС орнатылды). Қала аумағында 300-ден астам 5G базалық станциясы жұмыс істейді, бұл интернет жылдамдығын арттырып, байланыс тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, биыл жыл соңына дейін қос мақсаттағы 26 тірек орнату жоспарланып отыр», – деді Б. Ахметов.
Инновациялар саласында Астанада жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді жүйелі түрде енгізуге бағытталған бірыңғай инфрақұрылым – AI-Lab құру жұмыстары жүріп жатыр.
Бастаманың мақсаты – идеяны қалыптастырудан бастап қалалық деректерге қол жеткізуге, акселерацияға, тестілеуге және шешімдерді кеңейтуге дейін инновациялардың толық циклін қамтамасыз ету. Қатысушылар Microsoft, Google, NVIDIA, AWS және басқа да ірі халықаралық компаниялардан қолдау алып, бұлтты есептеулерге және қалалық API-лерге қол жеткізе алады, сондай-ақ университеттер мен сарапшылардан менторлық көмек көрсетіледі.
Айта кетейік, жасанды интеллект жол сапасын бақылайды.