ЖИ жарысы: Цукерберг суперинтеллект жасау үшін жаңа зертхана құрды
АСТАНА. KAZINFORM – Meta компаниясының бас директоры Марк Цукерберг компанияның жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы бөлімшелерін ауқымды қайта құру туралы және Meta Superintelligence Labs (MSL) атты жаңа зерттеу тобын құру жайлы хабарлады, деп жазды AZƏRTAC. Жаңа бөлімшені саланың жетекші мамандары басқарады.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, жаңа құрылымның тізгінін саладағы танымал тұлғалар — Scale AI компаниясының бұрынғы бас директоры Александр Ван мен GitHub-тың экс-басшысы Нэт Фридман ұстайды. Бұл бөлімше бұған дейін Llama іргелі үлгілерін, өнімдік ЖИ шешімдерін және Fundamental AI Research (FAIR) жобаларын әзірлеумен айналысқан командаларды біріктіреді.
Бұл қадам Meta компаниясының OpenAI және Google сияқты ірі бәсекелестермен жүріп жатқан ЖИ жарысында көшбасшылыққа ұмтылысын білдіреді. Компания саладағы үздік мамандарды белсенді түрде өз қатарына тартпақшы. Айта кетерлік жайт, бұған дейін Meta OpenAI-дың негізін қалаушы Илья Суцкевер құрған Safe Superintelligence стартапын сатып алуға талпынған, бірақ сәтсіз аяқталған. Алайда кейін компания оның серіктестері — Фридман мен Даниэль Гроссты өз жобасына тартуға қол жеткізді.
Компания өз амбицияларын іске асыру үшін «жұлдызды команданы» жинады. Бұл топқа GPT-4o және Gemini модельдерінің негізгі әзірлеушілері, сондай-ақ GPT-4o-дың дауыс режимі мен бейне генерация архитектурасы бойынша мамандар кірді.
Қазірдің өзінде миллиардтаған аудитория қолданатын өнімдерге енгізілген Llama 4.1 және 4.2 үлгілерін дамыту жұмыстары қатар жүргізіліп жатқанда, зертхана жаңа буындағы жасанды интеллект жүйесін жасауға кіріспек. Марк Цукерберг бұл жобаның адамзат үшін «жаңа дәуірдің» бастауы болатынына сенімді екенін айтты.
Компания өкілдері Meta-ның ауқымды жобаларды дамытуға арналған ерекше ресурстары барын атап өтті — соның ішінде қуатты есептеу инфрақұрылымы мен ауқымды өнім жасау тәжірибесі. Басшылықтың пікірінше, талантты мамандардың келуі әзірлеу үдерісін жеделдетіп, әр қолданушыға жеке суперинтеллект ұсынуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін хабарланғандай, Meta Цукербергтің қауіпсіздігіне 14 миллион доллар жұмсаған.