«Жидебай - Бөрілі» музейі: Ақтөбеліктер Абай тұтынған заттармен таныса алады
Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің «Абай мұрасы – рухани қазына» атты көрмесі ашылды.
«Абайдың өмірі мен шығармашығына қатысты құнды деректермен танысып, музыкалық мұрасы, қоғамдық қызметі, Құнанбай Өскенбайұлы туралы мұрағат деректерін оқып, көруге болады. Көрмеге 100-ден астам жәдігер әкелінді. Мұнда Абай алақанының табы қалған құнды дүниелер бар. Олар: ері, кісе белбеу, тоғызқұмалақ тақтасы. 1885 жылы Семейдегі тарихи-өлкетану музейіне Абайдың өзі тапсырған асатаяқ, сыбызғы, ХІХ ғасырда пайдаланылған дауылпаз сынды музыкалық аспаптары да жеткізілді. Көрмеде Абай білім алған Семей қаласындағы Ахмет Риза мешіт-медресесінің оқулықтары бар. Бұл ХІХ ғасырдағы Орта Азия елдерінде жарық көрген оқулықтар мен танымдық кітаптар», - деді музейдің аға ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай.
Айта кетейік, Абайдың әдеби-мемориалдық музейі М.Әуезовтің ұсынысы бойынша ақынның туғанына 95 жыл толу қарсаңында Қазақ КСР-нiң Халық Комиссарлар кеңесiнiң қаулысы негiзiнде құрылды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби музей. 1990 жылы Абайдың 145 жылдық мерейтойына орай Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысымен «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болып құрылды. Қорық-музейдің негiзгi қорын 1885 жылы Абайдың өлкетану музейіне тапсырған заттары құрайды.