«Жидебай-Бөрілі» - Ұлылар жатқан қасиетті жер

Мемориалды кешеннің құрылысы 1993 жылы наурыз айында басталған. Абай Құнанбайұлының 150 жылдық шаралары жоспарына сәйкес жасалып, қазіргі қос мұнаралы «Абай-Шәкәрім» мавзолейлер кешені ғимаратына айналды. Кешенді салуға республикалық байқау жүргізіліп, 6 сәулетшінің ішінен халықаралық байқаулардың лауреаты, сәулетші Бек Ибраев басшылық ететін авторлық топ жеңіп шығады. Жер табанынан бес метрлік биіктегі мавзолей алаңының ені 65 метр, ұзындығы - 200 метр. Ал қос арыстың қабірлерінің аралығы - 140 метр. Мұнара құрылысына Маңғыстау жерінен арнайы ақтүсті әк шөгіндісі әкелінген.
«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі еліміздегі республикалық қорық-музейлердің ішінде өзінің тарихи тұлғаларға арналғандығымен ерекшеленеді. Қазақстан тарихындағы алғаш әдеби-мемориалдық музей болып ашылған ұлы ақынның музейі бүгінгі күні Семей қаласындағы Бас музей кешенінен басқа Шәкәрім, М.Әуезов және Абай шәкірттерінің музейлерін біріктіріп отырған ордалы рухани орда», - дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева.
Абай күмбезiнiң жерден биiктiгi 38 жарым метр. Шәкәрiм қажының күмбезiнiң биiктігі 37 метр. Ал Шәкәрiм күмбезiнің Абайдан бiржарым метр аласа болуының да өз себебі бар екен.
«Он алты қанат Ақ орда Абай күмбезi болса, Шәкәрiм соның жанынан жаңа шаңырақ көтерген жас отау сынды. Себебi, Шәкәрiмнiң сүйегi 30 жыл Құрқұдықта жатты. Қажының денесi де, еңбегi де кеңес үкiметiнiң құрсауында болды. Шәкәрiм атамыз қазақ егемен ел болғаннан кейiн ғана толық ақталды»,- деді Мейрамгүл Қайрамбаева.
Жалпы «Қазақстанның қасиетті жерлері» тізіміне «Абайдың «Жидебай- Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының ескерткіштері» деген атаумен Абайдың музей үйі, Абай-Шәкәрім кесенелері, Абайдың аналары Ұлжан мен Зеренің мазары, Кеңгірбай би кесенесі, М. Әуезовтің музей үйі, Шәкәрімнің саят қорасы енген. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша киелі, тарихи-мәдени, емдік-сауықтыру жерлер бойынша 24 туристік бағыт іске қосылған. Солардың 6 бағыты ұлы ақынның елін таныстыруға арналған. Сонымен қатар «Шыңғыстау - ұлылар шыңы» альбомы дайындалуда. Ол Абай есімімен байланысты барлық маңызды музей объектілерін қамтиды. Жақында баспадан шықпақ.
«Шыңғыстау - ұлылар шыңы» альбомы «Қазақстанның киелі жерлері» бағдарламасы бойынша дайындалған басылым. Бұл түрлі-түсті альбом Абай музейіне қарасты музейлер туралы ақпаратпен қатар түрлі-түсті фотосуреттермен безендірілген»,-деді Мейрамгүл Қайрамбаева.