Жыл басынан бері 18 ақтөбелік коронавирус инфекциясынан емделді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында биыл 18 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Көбі қала тұрғындары.

Қазақстандықтар әлі де коронавирус жұқтырып жатыр
Фото: Kazinform

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Нұргүл Ізтілеуованың айтуынша, қазір өңірде эпиджағдай тұрақты. 

- Коронавирус инфекциясын жұқтырған 18 адамның 16-ы Ақтөбе қаласының тұрғыны. Сонымен бірге Мұғалжар және Шалқар аудандарының тұрғындары да ауырып, ем қабылдады. Төртеуі 14 жастақа дейінгі баладан анықталды. Қалғаны ересектер арасында тіркелді. Вирус жұқтырғандардың екеуінде ауру белгілері анықталмай, жасырын өтті,- деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Нұргүл Ізтілеуова.

Оның айтуынша, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 1 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинациялауға дайындық жүргізіліп, 15 қыркүйекте екпе беріледі. 

- Медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері маска тағады. Коронавирус инфекциясы бойынша бұдан өзге шектеу болмайды,- Нұргүл Ізтілеуова.

Айта кетейік, Ақтөбеге тұмауға қарсы Гриппол вакцинасының 109 мың дозасы жеткізіледі. 

Еске салсақ, Ақтөбеде қазіргі кезде 14 медицина нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 

Көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбеде 4 емдеу орнына су кірді. Оның екеуі мүлде жарамыз болып қалды. Қалған екі нысан жөнделеді