Жыл басынан бері 4,7 млн адамға әлеуметтік төлем берілді – Еңбек министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалып келеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында баяндады.

арнаулы әлеуметтік төлем
Фото: Kazinform

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері барлық төлемдер индекстелген. Базалық зейнетақыны кезең-кезеңмен арттыру жалғастырылды.

− Әлеуметтік төлемдермен 4,7 млн адам қамтылды. Еңбек министрлігінің бюджеті 6,1 трлн теңгені құрады, шамамен 3 трлн теңгесі игерілді, − деді Еңбек министрі.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шеңберінде 285,7 млрд теңгеге жәрдемақылар мен төлемдер төленген.

− Портал арқылы 300 мыңға жуық оңалту құралдары мен қызметтері көрсетілді, 18,6 мың адам инватаксиді қолданды. Биылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді лицензиялау енгізілді. Бүгінгі күні 568 орталық лицензия алды, − деді С. Жақыпова.

Сонымен бірге, Бірыңғай цифрлық платформа белсенді түрде енгізіліп жатыр. Шілденің соңына дейін платформаға барлық өңірлерді қосу міндеті тұр.

− Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көмектің атаулылығын және шын көмекке зәру азаматтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, − деді С. Жақыпова.

Айта кетейік, 2026 жылдан зейнетақы мен жәрдемақы өседі, бұған 662 млрд теңге бөлінеді.

Соңғы жаңалықтар