Жыл басынан бері Ақтөбеде 200-ден астам интернет алаяқтық дерегі тіркелді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеліктер инвестиция саламын деп алданып қалып жатыр. Ұялы телефон арқылы хабарласқан бейтаныс адамдарға бар мәліметті жасырмай айтатындардың арасында жасы 80-нен асқан қариялар бар.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің киберпол қызметі ақтөбеліктерге аса мұқят болуға шақырды. Себебі жыл басынан бері 225 интернет алаяқтық дерегі тіркелді.
- Соңғы кезде бейтаныс адам хабарласып, сим картасының қолдану мерзімі аяқталғанын айтып жүр. Сол кезде телефонға хабарлама жіберіліп, ондағы кодты сұрайды. Карта мерзімі сәтті ұзартылғаны айтқан соң арада біраз уақыт өтіп, «бұған дейін сізге хабарласқан алаяқтар» деп тағы қорқытады. Сонымен қатар несие рәсімделетінін, қорғану үшін өзіне сенуін сұрайды.
Ұлттық банк қызметкерімін деп айтқан бейтаныс адам бірнеше қосымшаны жүктеуге кеңес береді. Дәл сол кезде олар ұялы телефон мен ондағы бар мәліметке иелік етеді. Кейбір кезде адамдардан «жеке куәлік жоғалттыңыз ба» деп сұрайды. Мұның бәрі алаяқтың әрекеті,- деді Ақтөбе қалалық полиция басқармасытергеу бөлімінің аға тергеушісі Жалғас Зиноллин.
Адамдар әлеуметтік желіні қарап отырған кезде инвестиция туралы жарнама көрсетіледі. Сілтемені басқанда түрлі ақпарат сұралады. Бейқам жүргендер еш ойланбастан бос ұяшықтарды толтырып, көп ақпарат береді.
- Сауалнаманы толтырған соң бейтаныс адамдар ұялы телефонға хабарласады. Инвестициялық жобаға қатысып, қаржы салуға кеңес береді. Ақшаның пайызын өсіріп, кері қайтарып алуға үгіттейді. Қосымшаларды жүктеп, ақша салуды ұсынады. 25-30 мыңнан бастап, 300 мың теңгеге дейін ақша аударатын адамдар бар. Әрі қарай еселеу үшін де ақша сұрай береді, - деді Жалғас Зиноллин.
Айта кетейік, былтыр өңірде мыңнан астам адам интернет алаяққа алданып қалды. Олардың жалпы шығыны белгісіз.