Жыл басынан бері елдің ішкі тауар айналымы 21% өсті

БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 6 айдағы Қазақстанның сыртқы және ішкі тауар айналымы көлемін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

сауда
Фото: ҚазАқпарат

«6 айдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда бойынша Қазақстанның тауар айналымы 67,2 млрд доллар болды. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға жоғары. Шикізаттық емес тауарлардың айналымы қаңтар-маусым аралығында 22%-ға өсіп, 39,4 млрд долларды құрады», - деді жартыжылдықтың қорытындысын жариялаған министр.

Сондай-ақ Арман Шаққалиев атап өткендей, биыл алғашқы жартыжылдықта Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы тауар айналымы 20,2 млрд АҚШ долларына жеткен.

«Биыл 8 айда ішкі тауар айналымы 21%-ға өсіп, 35,7 трлн теңге болды. Сауда саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жыл басынан бері 416 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін оны 821,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтуымыз керек», - деп тоқталды Арман Шаққалиев.

Мұнымен қатар ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын реттеуден біртіндеп бас тарту ұсынысына қатысты түсінік берді.

Қоса кетсек, осы брифингіде сөз алған Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков кейбір өңірлердегі кәсіпкерлер бидайды қымбат бағамен сатып жатқанын айтты. Оның дерегіне сай, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі астық құнын негізсіз көтергендерге тергеу жүргізеді.

 

Соңғы жаңалықтар