Жыл басынан бері мыңға жуық ақтөбеліктен қатерлі ісік табылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы бойынша биыл 912 адамнан онкологиялық ауру анықталды. Науқастардың 11 пайызы қатерлі ісіктің төртінші сатысында ғана өзінің дертке шалдыққанын білген. М. Оспанов атындағы БҚМУ Медицина орталығында ашық есік күні өтіп, сүйек және жұмсақ тін ісіктерінің алдын алу үшін адамдар тексерілді.

дәрігер
Фото: М. Оспанов атындағы БҚМУ баспасөз қызметі

Биыл елімізде саркома дертінің алдын алу үшін айлық іс-шара өтіп жатыр. М. Оспанов атындағы БҚМУ Медицина орталығында онколог мамандар қабылдау жүргізді.

— Саркома — қатерлі ісіктің бір түрі. Бұл ісікті дер кезінде анықтап, алып тастамаса адамның ішкі ағзаларын құртып жібереді. Сондықтан ашық есік күнін өткізіп, адамдарға түсіндіріп жатырмыз. Біз медициналық сақтандыру жайын да сұрамаймыз. Адамдарды қабылдап, тексеріп, кеңес бердік. Қандай да бір ісік болса одан анализ аламыз. Бұл күні басынан бақайына дейін тексереміз деп айта алмаймын. Бірақ қажетті аппараттарға түсіруге болады. Біз қатерлі ісікті ерте анықтауымыз керек осы жолмен. Ашық есік күні келушілер қатары әртүрлі болады. Мәселен сүт безі ісігін анықтауға арналған ашық есік күніне 80-ге жуық әйел келді. 4 сағаттық қабылдау үшін бұл жақсы көрсеткіш, — деді онколог дәрігер, хирург, маммолог Ербол Дустанов.

Оның айтуынша, қазір өңірде өкпе обыры жиі кездеседі. Ал әйелдер арасында сүт безі обыры көп. 

— Көбіне 30 жастан асқан адамдардан анықталады. Скрининг кезінде тіркеледі басым бөлігі. Одан да жас адамда түрлі дерт кезігуі мүмкін. Менің ойымша, 30 жастан бастап жыл сайын тексерілу керек. Асқазанды тексерген дұрыс қазіргі адамдар үшін. Себебі бүгінгі тамақтануға қарап осыны жиі айтамын. Сонымен бірге іш құрылыстарды назарда ұстаңыз. Кез келген ауруды ерте анықтап, күтпесе, емдемесе, қатерлі ісікке әкеп соқтырады. Бізде 28-30 жастағы жігіттердің асқазан обырына шалдыққан дерегі де тіркелді. Сондай-ақ жақын туыстарында осы дерт анықталса бұл да қауіпті. Дерт тұқым қуалауы мүмкін, — деді Ербол Дустанов. 

Адамдар өзінің қатерлі ісікке шалдыққанын кеш біліп жатады. Себебі көбіне ісік түзелген кезде адам ауырсынуды сезбейді, білмейді.

Ал күш алған кезде дәрігерге жүгінсе, бұл кеш келгені болып есептеледі.

— Өкпе обыры рентгенге түскенде анықталып жатады. Бізде жұмысқа орналасар кезде анықтама сұраған соң мұны анықтау еш қиындық туғызбайды. Егер адам ерте келсе, ем де қонады. Тағы бір айта кететінім, дертке шалдыққан адам ем алып, үйіне оралған соң алғашында әрбір үш ай, кейін алты ай, содан соң бір жыл өткенде тексеріледі. Кей адамдар бәрін ұмытып, қайта қатты ауырғанда, жыл өткенде ғана келіп тұрады. Бұл дұрыс емес. Емханалар да осы бағытта жұмыс істеуі керек. Дені сау адам елге керек. Адамның саулығы, елдің дамуының кепілі. Әр адам денсаулығын күтіп, өз-өзіне құрметпен қарауы тиіс деп айтам едім, -деді онколог.

Соңғы жаңалықтар