Жыл басынан жедел жәрдем бригадалары 6,6 млн-нан астам шақыртуға барған

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы жылдың 10 айында жедел жәрдем бригадалары 6,6 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қоңыраулар саны 0,1%-ға төмендеді, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

Жыл басынан жедел жәрдем бригадалары 6,6 млн-нан астам шақыртуға барған
Фото: ДСМ

Жедел жәрдем қызметінің дерегінше, биыл алғашқы 10 айда шақыртулар санаттары бойынша мынадай өзгерістер байқалды:

1-санат (ең жедел шақыртулар):

356 мыңнан астам жағдай тіркелді. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 0,5% көп.

2-санат:

Шақыртулар саны 1,8% өсіп, 2,1 млн-нан асты.

3-санат:

Бұл санаттағы шақыртулар көлемі өзгеріссіз қалды — 1,9 млн-нан сәл көп.

4-санат (шұғыл емес шақыртулар):

Өтініштер саны азайғанымен, қызмет көрсету тәртібі өзгерді.

Емханалар жанындағы мобильдік бригадалар биыл 1,08 млн шақыртуға шықты. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 23,2% аз.

Ал жедел жәрдем станциясы бригадалары 4-санат бойынша 1 183 590 шақыртуға қызмет көрсетті.

Еске сала кетейік, 4-санаттағы шақыртуларға жұмыс күндері сағат 8:00–20:00 аралығында емхана мобильдік бригадалары барады. Қалған уақытта бұл санаттағы шақыртуларға жедел жәрдем станциялары шығады.

Қазір республика бойынша жедел жәрдем қызметі:

  • 20 дербес станциядан,

  • 96 қалалық қосалқы станциядан,

  • 212 аудандық бөлімшеден тұрады.

Барлығы 1 618 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді:

  • 258-і — дәрігерлік мамандандырылған,

  • 1 360-ы — фельдшерлік бригада.
    Оның ішінде қалаларда — 999, аудандарда — 619 бригада қызмет көрсетеді.

4-санаттағы шақыртуларды орындау үшін емханалар жанындағы 580 мобильдік бригада қосымша жұмылдырылған.

Бұдан бұрын кешкі және түнгі уақытта жедел жәрдем шақыру тарифі өсетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар