Қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді смартфонмен жиі ала бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Мобильді сервистер мемлекеттік қызметтерді алудың негізгі арнасына айналып келеді. 2025 жылдың басынан бері қазақстандықтар онлайн форматта 51,5 млн астам қызмет алған, олардың шамамен жартысы eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетілген, деп хабарлайды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.
Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің шамамен 90% онлайн форматта қолжетімді. eGov.kz порталына тіркелген пайдаланушылар саны 15,1 млн адамнан асады. Оның ішінде 610 мың пайдаланушы 2025 жылдың басында қосылған.
– eGov Mobile мобильді қосымшасын 11,7 млн астам қазақстандық пайдаланады, ал ай сайынғы белсенді аудиториясы – 6,4 млн пайдаланушы. Күн сайын қосымшаны 671 мыңнан астам адам қолданады. 2025 жылы азаматтар үшін 220 цифрлық сервис пен мемлекеттік қызмет қолжетімді болды, – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Негізгі анықтамалар мен қызметтерден бөлек, азаматтар жаңа цифрлық құралдарды да белсенді пайдаланып жатыр. Ең сұранысқа ие сервистердің қатарында банк қарыздары мен микрокредит алудан ерікті бас тарту сервисі, соттылықтың бар-жоғы туралы анықтама және заңды тұлғаның тіркеу әрекеттері туралы анықтама бар.
2025 жылдың маусым айынан бастап Қазақстанда азаматтардың құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін «Заң мен тәртіп» сервисі енгізілді. Бұл сервис мобильді қосымшалар арқылы қоңырау шалмай немесе жеке бармай-ақ құқықбұзушылықтар туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.
Тамыз айында eGov Mobile қосымшасына соңғы жылдардағы ең ірі жаңарту жасалды. Негізгі жаңашылдық — жасанды интеллект технологияларына негізделген eGov AI интеллектуалды іздеу жүйесі.
– 2025 жылы eGov.kz порталы арқылы қазақстандықтар 25,7 млн астам мемлекеттік қызмет алды. Порталдағы ең танымал мемлекеттік қызметтер қатарында зейнетақы аударымдары туралы анықтама алу, емханаға тіркелу, Ф-6 нысаны (жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама) бар. Оған қоса, биыл мемлекеттік онлайн-сервистердің ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру және пайдаланушылардың деректерін алаяқтардан қорғау жұмыстары күшейтілді, – дейді ведомство.
Атап айтқанда, 2025 жылдың қазан айынан бастап eGov.kz порталында авторизациялау тәртібі өзгертілді. Енді электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) авторизацияның бірінші кезеңінен кейін пайдаланушы 1414 нөмірінен жіберілетін SMS-код арқылы жеке басын растауы қажет. Бұл өзгерістер eGov.kz порталына, сондай-ақ оның құрамдас бөліктеріне (eOtinish сервисі, «Ашық үкімет» порталы) қатысты.
Сонымен бірге, пайдаланушылардың ыңғайлылығы үшін логин мен пароль арқылы кіру мүмкіндігі де қолжетімді болды: пайдаланушы ЖСН/БСН мен құпиясөзді енгізеді, ал жеке басын растау ЭЦҚ көмегімен жүзеге асырылады. Бұл өзгерістер электрондық үкімет порталы eGov.kz және оның компоненттеріне (eOtinish сервисі, Smart Bridge платформасы, «Ашық үкімет» порталы) қолданылады.
Бұған дейін 2025 жылы Қазақстандағы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту үшін қандай шаралар атқарылғанын жазған едік.