Жыл қорытындысы: Медицина саласында қандай жетістіктер болды

аппарат
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылы Қазақстанның медицина саласында қандай нәтижелерге қол жеткізілгені туралы баяндады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

360 мыңнан астам сәби дүниеге келді

Бүгінгі таңда елімізде денсаулық сақтау жүйесінде 78 мыңнан астам дәрігер және 180 мыңға жуық орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. 2023 жылдың 11 айында стационарда шамамен 3 млн адамға көмек көрсетілді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісі 90 миллионнан астам келушілерді қабылдады. Жедел медициналық жәрдем күштері 8 млн шақырту бойынша көмек көрсетті.

Сондай-ақ, биылғы 10 айда 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда халықтың жалпы өлім-жітімі 5,7%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан– 6,9%-ға, қатерлі ісіктерден – 0,6%-ға, жарақаттардан, жазатайым оқиғалардан және уланудан – 4,2%-ға, туберкулезден – 22,1%-ға, тыныс алу органдары ауруларынан өлім-жітім – 4,7%-ға төмендегенін атап өтті.

Жыл басынан бері 10 айында нәресте өлімі 9,6%-ға, ана өлімі 24,4%-ға төмендеді. Сондай-ақ, биыл халық саны 20 миллионға жетті. Жыл сайын 400 мыңнан астам жүкті әйел амбулаториялық қызмет мамандарында байқалады және бір тәулікте елде 1000-ға жуық нәресте дүниеге келеді. Қазіргі уақытта 360 мыңнан астам нәресте дүниеге келді.

Жүкті және жаңа туған нәрестелер денсаулығын сақтау мен патологияларын ерте анықтау үшін 11 млн-нан астам балаға скринингтер жүргізіледі.

Қазақстан – Орталық Азияда туғаннан бастап кардиохирургиялық операциялар жүргізілетін жалғыз мемлекет. Туа біткен жүрек ақауы бар балаларға 1 732 ашық жүрек операциясы жасалды, оның 75%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жасалды.

Алғашқы медициналық көмек көрсету саны артты

Елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 110 мыңнан астам адам, оның ішінде 34 195 дәрігер және 75 852 орта буын қызметкерлері жұмыс істейді. Халықтың МСАК қызметіне қаралу санының өсуі медицинаға деген сенімінің артқанын көрсетеді.

Биылғы 11 324 млн консультациялық-диагностикалық қызмет немесе бір тұрғынға шаққанда 16-дан астам қызмет көрсетілді. Ал 9 айда 2,8 млн ересек халық (оның ішінде 1,1 млн ауыл халқы) cкринингтік тексерулермен қамтамасыз етілді.

«Нәтижесінде 388 мың адамда ауру анықталып, 220 мың адам диспансерлік есепке алынған. Қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтер саны 6,7 есеге артып, 688 мың қызметке жетті. Амбулаториялық деңгейде оңалту қызметтерінің 200-ге жуық атауы көрсетіледі, 211 мыңға жуық пациент медициналық оңалту алды», - деп жазылған министрлік жауабында.

Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаражат көлемі 2 еседен астам ұлғайды және 237 млрд теңгеге жетті.

Биыл жедел жәрдем қызметіне 7,6 млн шақырту түсті, бригадалар күн сайын орта есеппен 24 мың шақыртуға қызмет көрсетеді. Шалғай елдімекенде шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін медициналық авиация қызметі жұмыс істейді. Олар 2023 жылы 2 мыңға жуық ұшу жасалды: 1578 – өңірлік деңгейде, 435-і Астана қаласынан және 7-і халықаралық деңгейде. 6 мыңға жуық пациентке 7 мыңға жуық медициналық қызмет көрсетілді.

Миллионнан астам ауыл тұрғыны тексерілді

Елімізде ауыл тұрғындары үшін кеңейтілген скрининг енгізілді, онда бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу ағзалары, қуықасты обыры ауруларын ерте анықтауға медициналық қызметтер қамтылған.

«Жыл басынан бері 1,1 млн ауыл халқы профилактикалық тексерулермен қамтылды және 62 мың науқас анықталды. Бастапқы медициналық кешен қызметтері 1,7 млн ауыл тұрғынына ұсынылды: оның ішінде 1,4 млн консультация беріліп, 107 мың науқас анықталды. Бұл ретте 690 мың диагностикалық және 465 мың зертханалық зерттеу жүргізілді», - дейді Денсаулық сақтау министрлігі.

Сонымен бірге, медициналық пойыздар 121 станцияны аралап, 88 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсетті, оның ішінде – 19 мың 222 бала бар. Осы жобаның арқасында шалғай ауыл тұрғындары медициналық көмекке және аурудың ерте сатысында патологияны анықтауға қол жеткізді.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қолжетімділігі үшін ауылда медициналық ұйымдар базасында 72 дәріхана пункті және 161 жеке дәріхана ашылды.

Ауылдарда 50 адамға дейін медициналық көмек көрсетілетін денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды, 500-ден астам адамы бар ауылдарда орта медициналық персонал саны 3-ке дейін ұлғайтылды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 40 медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы салынуда, 59 нысан құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, 4 көпбейінді аудандық орталық аурухананы күрделі жөндеу және реконструкциялау жүргізілуде.

Емдеу мен отаның жаңа тәсілдері енгізілді

Республика бойынша 19 мыңнан астам дәрігер мен 56 мың мейіргер халыққа стационарлық көмек көрсетеді. Ауруханаларда 2,7 млн пациентке көмек көрсетіліп, 740 мыңнан астам науқасқа ота жасалды.

Елімізде трансплантология, кардиохирургия, онкология, инновациялық жасушалық технологиялар саласында 80 жаңа технология енгізілді, олар арқылы 20 мыңға жуық адам емделді, 259 ағза трансплантатталды.

Ұлттық нейрохирургия орталығында ашылған сәттен бастап гамма-пышақ аппаратымен 1133 операция жасалды, биыл – 233 операция жасалды. Қалқанша безінің обыры бойынша 1300-ден астам науқас радиоиодтерапиямен емделді.

Сүйек онкопатологиясы кезінде инновациялық 3Д протездеу енгізілді (15 ота).

Бейнеэндоскопиялық жабдықты химиотерапиямен ұштастыра отырып, шамамен 30 мың онкологиялық операция орындалады.

Жыл сайын 12 мыңнан астам пациент сәулелік терапия алады (томотерапия, стереотаксис, IMRT, IGRT).

«Кардиохирургиялық орталық 2011 жылдан бастап жүректің жасанды сол жақ қарыншасына 492 имплантаттау жүргізді, 2023 жылдың 10 айында – 40 операция жасады. Республикада 79 инсульт орталығы жұмыс істейді, олар 38 мыңнан астам адамға көмек көрсеткен. 44 коронарлық араласу орталығы жіті коронарлық синдром кезінде ел халқына мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді, онда 33 мың пациент ем алды», - дейді министрлік.

Стационарлық көмек шеңберінде шамамен 200 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар сатып алынды.

Соңғы жаңалықтар