Жыл сайын мыңға жуық бала жазатайым оқиғадан қайтыс болады — травматолог

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл сайын 0-17 жастағы балалар арасында 182 мыңнан астам жазатайым оқиға мен жарақат тіркеледі. Бұл әрбір 10-ыншы бала кем дегенде бір рет жарақат алатынын білдіреді.

Больница, травмпункт
Фото: Артём Викторов / Kazinform

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар травматологі Арслан Дүйсенбаев мұның бәрі ересектердің бақылауының жеткіліксіздігінен екенін айтып отыр.

Балалар жарақатының жартысына жуығы тұрмыстық жағдайда (40%) болады, шамамен 10% — жол-көлік жарақаттары болса, 5% — спортта, 5% — жоғары биіктіктен құлап, тағы 5% — суға бату, өрт, улану салдарынан жарақат алады.

— Балалар жарақатының 1,2%-дан астамы мүгедектікке әкеледі. Басқаша айтқанда, жыл сайын жарақат алған 200 мың баланың 2,4 мыңға жуығы өмір бойы мүгедек болып қалады. Қазақстанда сыртқы себептерден (жарақаттанудан, жазатайым оқиғалардан, уланудан) балалардың өлім деңгейі халықаралық стандарттар бойынша жоғары болып қала береді. Жыл сайын жарақаттар мыңға жуық баланың өмірін қияды, — деді Арслан Дүйсенбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде.

Қазақстанда балалар жарақаттарының ең көп тараған түрлері — аяқ-қолдың зақымдануы және бас жарақаты. Статистикаға сәйкес, балалардың барлық жарақаттарының шамамен 75%-ы қол мен аяқтың жарақаттарынан тұрады. Тағы 12%-ы бас пен мойын жарақаттарына тиесілі. Қалған 13% — омыртқаның сынуы, ішкі ағзалардың жарақаттары, қатты күйіктер, улану секілді басқа жарақаттарды қамтиды.

— Балалармен болған қайғылы жағдайлардың 80%-ы ересектердің кінәсінен болады. 2019-2024 жылдары жарақаттар елімізде 6 мыңға жуық қазақстандық баланың өмірін қиды, — деді штаттан тыс балалар травматологі.

Айта кетейік, 2021 жылдан бері «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 30 мыңнан астам әйелге ЭКО жасалып, көптен күткен 10 мың сәби дүниеге келді. 

Соңғы жаңалықтар