Жыл соңына дейін инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданады
АСТАНА. KAZINFORM – 15 қарашаға дейін инклюзивті саясат жөніндегі тұжырымдама Үкіметтің қарауына енгізіледі.
«Инновациялық технологияларды әзірлеу және оларды әлеуметтік қамсыздандыру мен қорғау жүйесіне енгізу өте өзекті мәселе. Мүгедек жандардың барлық мәселесі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан инклюзивті саясат жөніндегі тұжырымдамада көрініс табуға тиіс. Бұл құжат желтоқсан айында қабылдануы керек. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 15-ші қарашаға қарай тұжырымдама жобасын Үкіметке енгізуі қажет», - деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов ведомство отырысында.
Сондай-ақ, Премьер-министр мүгедек жандардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының тұрақты бақылауында болуы керектігін еске салды.
«Медициналық-әлеуметтік сараптама сапасын одан әрі жақсарту үшін денсаулық сақтау және еңбек саласындағы ақпараттық жүйелерді толық интеграциялау қажет. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне аталған жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырамын», - деп толықтырды О. Бектенов.
Бұған дейін Премьер-министр әкімдер мен министрлерге мүгедек жандардың мәселесін шешіп, жағдай жасауда штаттан тыс кеңесшімен жұмыс істеу идеясын ұсынды.
Одан бөлек, Үкімет басшысы мүгедек жандар үшін жасалып жатқан жұмыстарды мардымсыз деп бағалады.
Айта кетсек, мемлекеттік органдарға жыл басынан бері мүгедек жандардан 16 мыңнан астам арыз-шағым түскен.