Жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданады
АСТАНА. KAZINFORM – «Заң және тәртіп» пилоттық жобасы қыркүйек айынан бастап Алматы облысында іске асырылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.

- Қосымша білім беруге тоқталсам, тамыз айынан бастап қаржыландырудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша білімге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады.
Пилот Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында ваучерлік қаржыландыру форматында іске асырылады. Қазіргі уақытта төрт министрліктің бірлескен бұйрығы қабылданып, пилотқа қосылған өңірлерде дайындық жұмыстары жүргізілді. Осы тетікті 2026 жылдан бастап барлық өңірлерде масштабтау жоспарланған, - деді Ғ. Бейсембаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында оқушылар арасында «Заң және тәртіп» пилоттық жобасы қыркүйек айынан бастап Алматы облысында іске асырыла бастайды.
- Биыл қамқоршылық органдары мамандарының нормативі 5 мың балаға 1 маман есебімен заңмен белгіленді. Қазір мамандар саны 303-тен 896-ға дейін өсті. Жыл соңына дейін барлық өңірлер нормативтің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Былтыр тестілеу кезеңінде тиімділігін дәлелдеген Kiva және «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламалары қыркүйектен бастап барлық мектептерде енгізіледі. Президенттің тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданады. Қазіргі уақытта бағдарламаның жобасы әзірленіп жатыр. Ол балалардың мүддесін жан-жақты ескеретін 7 стратегиялық бағытты қамтиды (отбасы, білім беру, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау, құқықтық қорғау, қауіпсіз орта құру, бос уақытын ұйымдастыру және спорт). – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында 11 мың 800-ге жуық білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілуі тиіс (оқушылар мен қызметкерлер саны 100-ден асатын ұйымдар). Қазіргі кезде еліміз бойынша мемлекеттік және жеке білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандырудың орташа көрсеткіші келесідей:
- 98% ұйымдарда турникеттер;
- 96% -ында дабыл түймесі орнатылған;
- 81%-ы полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған.
- 97%-ында лицензияланған күзетпен шарт жасалған. Биыл күзетшілерге қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді.
- Аталған көрсеткіштердің орындалуы Ішкі істер министрлігі тарапынан тексеріліп отырады. Осы орайда Жамбыл, Түркістан, Алматы және Атырау облыстарының әкімдері жұмысты күшейту қажет, - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл балабақшалар ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді.