Жыл соңына дейін Өзбекстан Қазақстананнан 35 мың тонна мұнай қабылдайды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Желтоқсан айының соңына дейін Ферғана мұнай өңдеу зауыты Қазақстаннан 35 мың тонна мұнай қабылдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Кәсіпорынның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, зауыт жаңартылған транзит аясында Қазақстаннан мұнай қабылдауды бастады. Тиісінше, жыл соңына дейін өзбек тарапына 35 мың тонна шикізат жеткізілмек.
— Өңделген мұнай толық Өзбекстанның ішкі нарығына бағытталады. Қол жеткізілген уағдаластық шеңберінде қолайлы нарықтық жағдай сақтаса, онда жеткізілім жылына 500 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін, — делінген мұнай өңдеу зауыты таратқан хабарламада.
Шикізат көлемін арттыру ішкі сұраныстағы бензин, дизель, керосин және майлар өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
Еске салайық, таяуда импорттың төмендеуінен Өзбекстандағы газ құю станцияларының жұмысына шектеу енгізілген еді. Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов атап өткендей, көршілес елдің көгілдір отын тасымалдау жүйесінде болған ақаудан республикада 6 млн текше метр газ тапшылығы болған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан 11 айда 73,4 млн тонна мұнай экспорттады.