Жыландар жер сілкінісін 7 күн бұрын сезе алмайды – Ғани Назарбек
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгін әлеуметтік желіде қар үстінде жорғалаған жыланның видеосы тарады. Автор оқиғаның Қазығұрт ауданында болғанын жазған.
«26 қаңтар. Жыланның жүрісін қара», - дейді видеоны желіге жүктеген азамат.
Жазбаның астына пікір жазғандар қысқы мезгілде қалың ұйқыға кететін жорғалаушының бұл әрекетіне әр түрлі баға беріп жатыр. Бірі «Жер сілкінісін 7 күн бұрын білген жыландар, жер бетіне шығып кетті» десе, ендібірі «Жердің асты тыныш болмай тұр» дейді. Сондай-ақ желі қолданушылары «Жылы орнынан жайдан-жай шықпаса керек», «Жылан жер сілкінісін алдын ала сезеді дейтін. Қар бетіне шығып кеткені соны меңзейді. Тыныштық болсын!», «Шөптің ішінде жатқан жылан ғой. Малға азық шашқанда арасынан шыққан сияқты», «Күн жылынуының шырайы» деген сарындағы пікірлер де жазған.
Аталған жағдайға байланысты «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбектен табиғи құбылыстың жай-жапсарын сұрадық.
«Бұл жерде жылан жүрген аймақты зерттеп көру керек. Себебі, сол маңда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан болуы да мүмкін. Газ құбырын, су құбырын тартуға жер қазылса, ұйқыда жатқан жыландар оянып кетеді. Сондай-ақ қазір үйінде жылан асырайтындар көп. Олар да «хайп» үшін жыланды қар үстіне тастап видео түсіріп жатады. Жалпы жыландар жер астында болған соң, жер сілкінісі секілді табиғи құбылыстарды сезеді. Бірақ бір жеті емес, 10-15 минут бұрын, ары кеткенде 1 сағат бұрын ғана сезе алады. Жер сілкінісін сезген жағдайда бір-екеуі ғана емес, сыртқа жаппай шығып кетуі керек. Тек жыландар ғана емес, тасбақа, сарышұнақ секілді жер астында өмір сүретін барлық жануар мен жәндік жер үстіне шығады», - деп жауап берді Ғани Назарбек.