Жылыту маусымы кезінде Талдықорғанда 10 қазандық жұмыс істейді

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорған қаласын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету үшін 10 қазандық жұмыс істейді. Биыл 5 шақырымнан астам құбыр жаңартылды.

Жылу энергетикасы
Фото: Kazinform

Жетісу облысының орталығында жылыту маусымы уақытылы басталды. Жылу желілеріне 766 көпқабатты, 1 290 жеке тұрғын үй, 210 мемлекеттік мекеме және 1 322 коммерциялық нысан қосылған. Қаланы жылумен және ыстық сумен қамту үшін 1 ірі, 5 кварталдық, 4 шағын қуатты қазандық жұмыс істейді. Басқуат қазандығы көмір отынын пайдаланады.

Қазір табиғи газға ауыстыра отырып, «Қайта құру, салу және кеңейту» жобасын әзірлеу жүргізілуде. Жобалау жұмыстарының аяқталу мерзімі 2024 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

5 кварталдық қазандық табиғи газға қосылған. Резервтік отын — мазут.

Мамандар биыл жылыту маусымы кезінде апаттық жағдай болмас үшін Гагарин, Алдабергенов, Қаблиса жырау, Жансүгіров, Қабанбай батыр көшелеріндегі жылу құбырлары ауыстырылғанын айтады. Оның жалпы ұзындығы 5,4 шақырым.

Сонымен қатар Абай, Дарабоз ана, Қабанбай батыр, Балпық би көшелеріне жаңа жылу желілері салынған.

Еске салайық бұған дейін Жетісу облысындағы Қызылтас саяжайының тұрғындары сусыз, жарықсыз отырғанын жазғанбыз.