Жылу орталықтарындағы апаттардан кейін жағдай қаншалықты түзелді

ТЭЦ ЖЭО
Фото: Мухтор Ходорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Салыстырмалы түрде алғанда өткен жылдың қысы қытымыр бола қойған жоқ. Жылу электр орталықтарының жалпы тозығы 66 пайызға жеткен еліміздің Үкіметі үшін де, жергілікті атқарушы органдар үшін де біршама қолайлы болды десек, артық айтқандық емес. Дегенмен, аптаға созылатын үскірік аяз бен алай-дүлей ақ боранда Петропавл, Риддер, Екібастұз қалаларындағы жылу электр орталықтары сыр беріп, халықты әуре-сарсаңға салып қойғаны да бар. Былтыр қазан айының басында-ақ республиканың бірнеше өңірінде әлеуметтік нысандарға жылу беру басталып кеткенін ескерсек, кезекті маусымының басталуына да уақыттың тым аз қалғаны түсінікті.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміз бойынша барлығы 37 жылу электр орталығы жұмыс істейді. Бүгінде олардың барлығында ағымдағы да, күрделі де жөндеу жұмыстары қолға алынған. Электр станцияларында бекітілген кестеге сәйкес 2024 жылға 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 2 энергоблокта, 27 қазандықта және 22 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізіліп жатыр. 5 энергоблокта, 25 қазандықта және 17 турбинада жөндеу аяқталды.

«Жалпы, осы жылы жылу электр станцияларын жөндеуге және реконструкциялауға бөлінген 327 млрд теңгені игеру жоспарланған. Мұнан бөлек, Қызылорда, Кентау, Екібастұз, Риддер қалаларының жылу электр орталықтарына және Көкшетау қаласының қазандықтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 22,6 млрд теңге бөлінді. Жалпы, жылу электр станцияларында бекітілген кестеге сәйкес, бүгінгі күні жөндеу жұмыстарының 70 пайызы аяқталды», — деп атап өтеді министрліктен.

Дегенмен, ведомство екі өңірдегі жылу электр орталықтарын жөндеу жұмыстары бекітілген кестеден кешігіп жатқанын айтады. Атап айтқанда, негізгі жабдықты жөндеуді бастау мерзімдерінің сақталмауы Қарағандыдағы «Qarmet» АҚ-ның екінші ЖЭО-сында және Маңғыстау облысындағы «МАЭК» ЖШС-де байқалады.

Маңғыстау облысы
Фото: maek.kz

Осыдан 15 күн бұрын Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралған-ды. Сол кезде де осы екі өңірдегі мәселеге Үкімет басшысы айрықша тоқталып өтті. Айтуынша, жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру әдеті жұмыстың дұрыс жоспарланбағанын көрсетеді. Мәселен, Қарағанды облысында:

  • № 2 қазандықты күрделі жөндеу аяқталған жоқ
  • «Qarmet» компаниясының 2-ші ЖЭО-сындағы № 1 қазандықты күрделі жөндеу басталмаған
  • № 7 қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр.

Алайда биылғы мамыр айында жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралғанда өңір әкімі аталған нысан «мерзімінде іске қосылады» деп мәлімдеген.

Қарағанды
Фото: primeminister.kz

Маңғыстау облысындағы атом энергетикалық комбинатында: 

  • 1-ші ЖЭО-дағы № 4 турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр
  • 2-ші ЖЭО-да құжаттар уақтылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр.

Бұл ретте Үкімет МАЭК-ті дамытуға қомақты қаражат бөлді.

«Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан-жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді. Біздің отырыстарымыз бен кеңестерімізде облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Сонымен қатар жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда, 3 ай өтті, баяғы жартас — сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру. Бүгінде Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. ЖЭО әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралатын болады», — деген еді Премьер-Министр.

Дегенмен, Энергетика министрлігі жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстары аяқталмау қаупі бар ЖЭО-лар жоқ екендігін алға тартады.

«Жалпы алғанда жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жылыту маусымы басталғанға дейін тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін ЖЭО-ларда тиісті мөлшерде жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады», — деді ведомстводан.

2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен болатын. Дәл осы Жолдауда Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керектігі айтылған еді. Ал кеше Үкімет отырысында осы Жолдаудан туындайтын тапсырмаларға қатысты Министрлер кабинетінің атқарар жұмыстары белгілі болды. Мәселен, сөз етіп отырған Ұлттық жобаны жүзеге асыруға Үкімет 10 трлн теңгеден астам қаражат қажет деп отыр.

Биыл елімізде 221 шақырым жылу желісі жөнделеді
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, әр өңір бойынша қолданыстағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның жағдайын зерттеу үшін ауқымды талдау жүргізілген. Осы талдауға сәйкес:

  • 22 жылумен жабдықтау кәсіпорнында желілердің ағымдағы тозуы 65-тен 90 пайызға дейін;
  • 18 электрмен жабдықтау объектісінде 70-тен 97 пайызға дейін;
  • сумен жабдықтаудың 13 кәсіпорнында 70-тен 100 пайызға дейін;
  • 24 су бұру кәсіпорнында 70-тен 100 пайызға дейін жеткені анықталып отыр.

Ал коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 50 пайызға дейін төмендету үшін мынадай көлемде инвестиция тарту қажет:

  1. жылумен жабдықтау 2,2 мың шақырым желіні жаңғырту үшін шамамен 2,5 трлн теңге;
  2. электрмен жабдықтау 114,7 мың шақырым желіні жаңғырту үшін 3,2 трлн теңгеден астам;
  3. сумен жабдықтау 5,3 мың шақырым желіні жаңғырту үшін шамамен 900 млрд теңге;
  4. су бұру 3 мың шақырым желіні жаңғырту үшін 1,3 трлн теңгеден астам қажет.

«Қолданыстағы белгіленген қуаты 20,4 ГВт 55 энергия өндіруші ұйымдардың орташа тозуы — 56 пайыз. Станциялардың тозуын 25 пайызға төмендету және белгіленген қуатты 32,6 ГВт-қа дейін арттыру үшін шамамен 2,3 трлн теңге инвестиция қажет. Алдын ала бағалау бойынша Ұлттық жобаны (Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту ұлттық жобасы) іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция керек. Ұлттық жобаның инвестициялық тартымдылығы үшін тарифтік әдіснамаға қажетті өзгерістер енгізіледі. Қаржы институттары мен инвесторларға тиісті тарифтердің қажетті деңгейлеріне кепілдік беруге және инвестициялар мен қарыздарды қайтаруға мүмкіндік беретін үкіметтік және ведомстволық актілерді қабылдау ұсынылады. Инвестицияларды қайтару кепілдігін нығайту үшін үш жақты келісім жасалынады: қаржы институттары, қарыз алушы және реттеуші орган арасында», — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетерлігі, еліміздің үш облыс орталығында, атап айтқанда Семей, Өскемен және Көкшетауда жаңа жылу электр орталықтары салынатындығы белгілі. Қазіргі уақытта үш стансаның да техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмысы қолға алынған. Жобалар жүзеге асырудың түпкілікті мерзімі ТЭН мен жобалық-сметалық құжаттаманы қоса алғанда жобалық құжаттаманың бәрі әзірленгеннен кейін белгілі болмақ. Дегенмен, Көкшетау мен Семей қалаларындағы жылу орталықтарының басталуы 2025 жылға, ал Өскемен ЖЭО құрылысы 2026 жылға болжанады.

«Алдын ала жоспарға сәйкес, Көкшетау ЖЭО құрылысын 2028 жылдың 3-тоқсанында, Семей ЖЭО-сын 2029 жылы, ал Өскемен ЖЭО-сын 2030 жылы аяқтау болжанады», — деді Энергетика министрлігінен.

Соңғы жаңалықтар
telegram