Жылу желілері мен көмір қоры: Қарағанды облысының аудандары қысқа дайындалып жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында алдағы жылыту кезеңіне кешенді дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Аудандарда тұрғын үй қорларының жылу жүйелерін жаңарту, көмір қорын толықтыру және әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымын жетілдіру шаралары соңғы сатыда.

Қарағанды
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұқар жырау ауданы

Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғын үйлердің дайындығы 60%-ға жетті. 1 қыркүйекке дейін білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласының мекемелеріне отын жеткізу толық аяқталуға тиіс. Қазандықтар мен жылу желілерінде жоспарлы жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

— Қушоқы ауылында жылыту маусымына дайындық шеңберінде көмір жеткізу және күл шығару конвейерлері, орталық қазандықтағы №4 қазан жөнделіп жатыр, сондай-ақ орамішілік жылу желілері жаңартылуда, — дейді аудан әкімі Ерлан Құсайын. — Жеті модульдік қазандықтың жұмысын жаңғыртуға және қуаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Сонымен қатар, білім беру нысандарына арналған төрт жаңа блок-модульді қазандықтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Қарқаралы ауданы

Жылу желілерін жаңарту жұмыстары 90%-дан асты. №1 қазандыққа қуаты 1,2 МВт болатын қосымша қазан агрегаты орнатылды. Барлық қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, су және кәріз желілерін ауыстыру жұмыстары бір уақытта жүргізілуде. 

Бүркітті ауылындағы мәдениет үйінде жылыту жүйесін жаңарту аясында күрделі жөндеу жүргізілді. Халық пен әлеуметтік нысандарға қажетті көмір қоры қалыптасқан.

Шет ауданы

28 жиынтық трансформаторлық қосалқы станция, трансформаторлар, кабельдер, ажыратқыштар және басқа да қажетті техникалық құрал-жабдықтар сатып алынды.

— Энергетика басқармасының мониторинг деректері бойынша, жылу және су жүйелері 60%-дан астам дайындық деңгейіне жеткен, ал электр желілері мен қосалқы станциялар 70%-ға дайын, — деп атап өтті аудан әкімі Мұхит Мұхтаров. — Спорт нысандары толығымен қысқа дайын, әлеуметтік-тұрмыстық басқа нысандардың дайындығы шамамен 70% деңгейінде.

Нұра ауданы

Әлеуметтік нысандарға арналған негізгі көмір қоры толық қалыптасты. Су құбырлары желісін жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, ал кәріз жүйелерін қайта жаңарту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.Шұбаркөл кентіндегі жалғыз орталық қазандық толық дайын. 
Кертінді мен Мынбаева ауылдарындағы мәдениет үйлеріне жаңа блок-модульді қазандықтар орнатылды, білім беру мекемелеріндегі жылыту жүйелерін жөндеу жалғасуда.
Жоспарға сәйкес, барлық нысандар 15 қыркүйекке дейін толық дайын болуы шарт. Аудан басшыларына дайындық барысын үнемі қатаң бақылауда ұстап, жұмыс қарқынын төмендетпеу міндеттелді.

Бұл облыс тұрғындарын қысқы маусымда сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды және кешенді шаралар.

Осыған дейін Қызылорда облысындағы жылумен қамту нысандарын жаңғырту үшін биыл 13,5 млрд теңге бөлінгенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар