Жоғары экстремальды ластану: Атырауда күкіртті сутегі шекті мөлшерден 97 есе асқан

АТЫРАУ. KAZINFORM – Кейінгі күндері Атырау тұрғындары жағымсыз иіске шағымданып, алаңдаушылығын білдірді. Осыған байланысты жиын өткізген облыс әкімі Серік Шәпкенов ауаның неден ластанғанын 10 күнде анықтауды тапсырды. 

әкім
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Әкімнің айтуынша, жауапты органдар 4 сағаттан соң ауа сапасын зерттеуге кіріскен. Ол жағымсыз иісті анықтау үшін қажетті шараларды қолға алмаған жауапты органдардың жұмысын сынады.

Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамедовтің айтуына қарағанда, «Қазгидромет» РМК өңірлік филиалы ұсынған мәліметте 36 жоғары ластану және 2 экстремальды жоғары ластану дерегі тіркелген. 

«Жағымсыз иіс қаланың сол жағындағы «Сасықсай» булану алаңынан шығуы мүмкін деп пайымдап отырмыз. Мұнда атмосфералық ауаны жоғары ластаушы ингредиент рұқсат етілген шекті концентрациядан 10 есе асқан. Оған қоса, 24 наурызда таңғы сағат 09:40-та «Привокзальный» атмосфералық ауа сапасын бақылау станциясында күкіртсутегінің рұқсат етілген шекті концентрациядан 97 есеге артық екені тіркелді Бұл – экстремальды жоғары ластану», - деді Әлібек Бекмұхамедов.

Ал, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының басшысы Салауат Төленовтің айтуынаа қарағанда, атмосфералық ауаның жоғары және экстремальды жоғары ластануы туралы барлық мәлімет Атырау облысы бойынша экология департаментіне және жергілікті уәкілетті органдарға уақытылы беріліп отырған. Алайда, Атырау мұнай өңдеу зауыты мен NCOC N.V компанияларының ауаның ластануын тіркейтін станциялары наурыздың 24-інен 25-іне қараған түнде ластану бойынша дерек бермеген. 

«Таңғы сағат 03:00-ден 07:00 аралығындағы жағдай туралы мәлімет берілген жоқ. Біз Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы тұрғын үйлер орналасқан ауданындағы атмосфералық ауаның сапасына өлшеулер жүргіздік. Жел солтүстік-шығыстан соқты. «АМӨЗ» ЖШС-нің оң жағындағы қоныстану аймағында күкіртті сутектің мөлшері рұқсат етілген шекті концентрациядан 21-25 есеге дейін асып кетті. Бұл – жоғары ластану жағдайы. Ал, зауыттың сол жағындағы қоныстану аймағында бұл дерек 17,5 есеге асып, жоғары ластану жағдайы тіркелді. Мониторинг бойынша деректер Атырау облысы бойынша экология департаментіне жіберілді», - деді Салауат Төленов.

Тұрғындар әлеуметтік желіде күкірттті сутектің иісі NCOC N.V компаниясының Қарабатан елді мекеніндегі зауыты жақтан шыққаны туралы шағым айтты. Алайда, консорциумның еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі директоры Уәлихан Жанаисовтың айтуынша, бұған компанияның еш қатысы жоқ.

«⁠Біз арнайы санитарлық қорғау аймағына талдау жүргіздік. Түнгі сағат 01:00-ден таңғы 09:00-ге дейін ауа сапасын тексердік. 24-25 наурызда жүргізілген тексеру нәтижесінде желдің басым бағыты солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа, яғни компанияның кен орнына қарай соққан. Оған қоса, желдің жылдамдығы секундына 2 метр болған. Барлық станцияның дерегін алып, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», - дейді Уәлихан Жанаисов.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, жағымсыз иістің шығу себебін анықтап, тиісті шара қолдану үшін комиссия құрылады. Ал, атқарылып жатқан жұмыстар туралы тұрғындарға жедел әрі уақытылы ақпарат беру қажет. 

«Тұрғындар тарапынан ауаның ластануы туралы әлеуметтік желіде арыз-шағымдар көп айтылады. Кешегі болған жайт құзырлы мемлекеттік органдардың тиісті деңгейде жұмыс атқармайтынын көрсетті. Жағдайға байланысты дереу шара қабылдаудың орнына төрт сағатта әрең жиналдық. Бізге тұрғындардың таза ауамен демалып, дені сау болғаны қажет. Ауадағы жағымсыз иіс «Сасықсай» булану алаңынан тарады дейміз. Бірақ, біз оның суын тазаладық. Тіпті фламинго ұшып келді деген ақпарат шықты. «Квадрат» алаңында да тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы иіс айналаға тараса да қаланы толық басуы мүмкін емес. Сондықтан, тиісті комиссияға қажетті мамандарды қосу керек. «Қазгидромет» РМК филиалы атмосфералық ауа сапасын бақылайтын станциялардан мәлімет жинап, талдау жасауға тиіс. Сол жұмыстардың негізінде ауаны ластаған кінәлілерге тиісті шара қолдану керек», - деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ауадағы күкіртті сутегі шекті мөлшерден асып кеткенін хабарлаған едік. 

Кейін күкіртті сутегі шекті мөлшерден 25 есеге асқаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар