Жоғары оқу орындарындағы оқулықтардың 17-18 пайызы ғана қазақ тілінде - ҚР БҒМ департамент директоры

«Бұл шара жоғары оқу орындарын қажетті кітаптармен қамтамасыз ету барысын жан-жақты талқылап, бір шешімге келуге және тәжірибе алмасуға қолайлы жағдай жасайды. Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік тілде жарық көретін баспа өнімдерін шығаруға қолдау көрсетіп, жүйелі түрде іс жүргізіп келеді. Мәселен 2011-2012 жылдары жалпы таралымы 380 мыңнан астам 220 атаудан тұратын оқулықтар жарық көрді», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Фатима Жақыпова. Оның айтуынша, 2011 жылы мемлекеттік бюджеттен тұңғыш рет жоғары оқу орындарына арналған базалық оқулықтар шығаруды қаржыландыруға 138 млн. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 130 аталым бойынша базалық оқулықтар шығаруға мүмкіндік туды. Олардың ішінде техникалық, жаратылыстану, экономика, педагогика мамандықтарын қамтыған жалпы таралымы 181 мың дананы құрайтын кітаптар шығарылды. Мемлекеттік бұл тапсырысты орындауға 27 жоғары оқу орнының 295 авторы атсалысты.