Жол апаты кезінде Еурохаттаманы қалай қолданады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жол-көлік оқиғалары кезінде Еурохаттаманы қолдану тәртібін түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда полиция қызметкерлерін шақырмай және сот органдарына жүгінбей, жол-көлік оқиғаларының жеңіл түрлері бойынша сақтандыру жағдайларын ресімдеудің жеңілдетілген тәртібі енгізілген.
Осы мақсатта жол-көлік оқиғасына қатысушыларға апаттың мән-жайларын өз бетінше тіркеуге және сақтандыру жағдайын электрондық форматта рәсімдеуге мүмкіндік беретін «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасы әзірленді.
Еурохаттаманы қолдану мынадай шарттар сақталған жағдайда мүмкін:
- жол-көлік оқиғасына тек екі көлік құралы қатысуы;
- екі жүргізушінің де міндетті сақтандыру полисінің қолданыста болуы;
- залалдың тек көлік құралдарына ғана келтірілуі;
- қатысушылар арасында келіспеушіліктің болмауы;
- шығын мөлшерінің 100 айлық есептік көрсеткіштен аспауы.
Қазіргі таңда 1 АЕК – 4 325 теңге.
Прокуратураның атап өтуінше, Еурохаттаманы пайдалану жүргізушілерге әкімшілік жауаптылықтан жалтаруға, сондай-ақ әкімшілік және сот рәсімдерінсіз сақтандыру төлемдерін алу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Тетікті кеңінен қолдану мақсатында прокуратура органдары жол қозғалысына қатысушылармен және сақтандыру ұйымдарының өкілдерімен жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қадағалау органы мобильді қосымшаны пайдалану бойынша сұрақтар туындаған жағдайда 2-57-0 қысқа нөмірі арқылы Call-орталыққа жүгінуге болатынын еске салды.