Жол апаты көп болатын жерлерге медициналық-құтқару бекеттері жақындатылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жол апаты жиі болатын учаскелерге медициналық-құтқару бекеттері жақындатылуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырма берді. 

Жол апаты көп болатын жерлерге медициналық-құтқару бекеттері жақындатылады
Видеодан алынған кадр

— Төтенше жағдайлар министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, автомобиль жолдарындағы апаттық жағдайларды ескере отырып, кейбір медициналық-құтқару бекеттерінің орналасқан жерлерін қайта қарасын, — деді Олжас Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, әрбір өңір бөлінісінде жол-көлік оқиғаларының жай-күйіне тұрақты түрде талдау жүргізу тапсырылды.

— Жергілікті жағдайларды ескере отырып, көлік апаттары көп болатын учаскелерде жол қозғалысына қадағалауды күшейтіп, қажетті шаралар қабылдаған жөн. Оқу-ағарту, Мәдениет, Туризм және спорт министрліктері мен әкімдіктер оқушыларды түрлі білім беру, мәдени және спорттық шараларға жіберу кезінде оларды міндетті түрде полиция қызметкерлерінің бастап жүруін қамтамасыз етсін, — деді Премьер-министр.

Айта кетейік, Қазақстанда жаңадан көлік жүргізе бастаған азаматтарды даярлау сапасына талап күшейтіледі.

Бұған дейін Көлік министрі елдегі жол апаттарының басты себебін атаған еді.

Сондай-ақ жалған техбайқау өткізген орталықтар 3 жыл жұмыс істей алмайды.