Жол бойындағы асханада ұйықтаған қос полицей жұмыстан қуылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордада жол бойындағы асханада қызметтік киіммен ұйықтаған қос полицей жұмыстан қуылды.

Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға былтыр 23 мамырда болған. Жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция ротасының бұрынғы инспекторлары «Самара-Шымкент» автожолында кезекшілік атқарған. Бірақ сол күні әлеуметтік желіге жол бойындағы асхана жанында патрульдік полиция ротасының қызметтік көлігі тұрғаны, асхана ішінде екеуінің қызметтік киіммен ұйықтап жатқаны туралы бейнежазба жарияланған.
— Қызметтік тергеу қорытындысына сүйенсек, олар қызметтік міндетіне салғырт қараған. Көпшілік жерде нысандық киіммен ұйықтап, полиция имиджіне кір келтіретін резонанстық бейнежазбаның таралуына жол берген. Портативті бейнежетонға кезекшілік барысын толық түсірмей, негізсіз сөндіріп қойған. Полиция қызметкерлерінің атына кір келтіретін әрекеті үшін олар ішкі істер органдары қатарынан шығарылды, — делінген ведомство хабарламасында.
Алайда, бұрынғы полицейлер өздеріне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың күшін жоюды, бұрынғы лауазымына қайта орналастыруды сұрап Қызылорда қалалық сотына жүгінген. Сот олардың талап арызын қанағаттандырған жоқ.
Ал жыл басында Оралда сотқа құрметсіздік танытқан полиция қызметкері жауапқа тартылды.