Жол-көлік оқиғасына үш фактор әсер етеді — ІІМ өкілі
АСТАНА. KAZINFORM — Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері мен олардың алдын алу жолдары туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова BIZDIÑ ORTA подкастында айтып берді.
Спикердің сөзінше, кез келген жол-көлік оқиғасында бір тарапты ғана кінәлау дұрыс емес. Себебі апаттың орын алуына бірнеше фактор әсер етеді.
— Жол-көлік оқиғаларына әсер ететін үш негізгі компонент бар. Олар — жол, автокөлік және жүргізуші. Жүргізуші жол қозғалысы ережелерін сақтауы керек, көлік техникалық тұрғыдан жарамды болуы қажет. Ал жол инфрақұрылымы жүргізушінің тарапынан жіберілген қателікті кешіре алатындай болу керек, — деді Ақтоты Боранова.
Оның айтуынша, бүгінде жол инфрақұрылымын жетілдіру бағытында атқарылар жұмыс әлі де бар.
— Қазіргі жағдай толықтай сын көтереді деу қиын. Дегенмен бәрі нашар деп айтуға болмайды. Егер жүргізушілердің қателігін белгілі бір деңгейде кешіре алатын қауіпсіз инфрақұрылым қалыптасса, жол-көлік оқиғаларының салдары да жеңілдеу болар еді. Осы мақсатта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олардың нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті ұсынымдар береміз, — деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар ол «Жол жүрісі туралы» заңның 17-бабына сәйкес әрбір әкімдік өз аумағындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты екенін атап өтті.
Спикердің айтуынша, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кей жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізу немесе қолданыстағы қағидаларды жаңарту қажеттілігі туындайды.
— Ішкі істер министрлігі Үкімет сағаттарында, ведомствоаралық комиссия отырыстарында өз ұсыныстарын тұрақты түрде көтеріп келеді. Бұл бастамалардың барлығы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған, — деп түйіндеді Ақтоты Боранова.
Айта кетейік, Абай облысында жол қауіпсіздігін арттыратын 13 лазерлік кешен орнатылды.
Сонымен қатар СҚО-да жол белгілеріне қатысты 300-ден астам кемшілік анықталды.