Жол қозғалысындағы құқық бұзушылықтар автоматты түрде анықталатын бұзушылықтар тізбесінен алына ма
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан жол-көлік оқиғасы салдарынан 2 мыңға жуық адам мерт болды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған.

«Статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылдың өткен кезеңінде елде 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде 2 мыңға жуық адам мерт болып, шамамен 25 мың адам дене жарақаттарын алған»,- деді бірінші вице-премьер жауабында.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта автоматты режимде жұмыс істейтін арнайы техникалық бақылау құралдары мен аспаптары жол жүрісі саласындағы мынадай құқық бұзушылықтарды тіркейді:
- белгіленген жылдамдық режимін бұзу;
- бағдаршамның тыйым салу белгісіне жүру;
- жол белгілерінің жолақтарын және таңбаларын бұзу;
- рұқсат етілмеген жерге тоқтау немесе тоқтап тұру.
«Осылайша, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін бұзушылықтар автоматты түрде тіркеледі. Бүл құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықталатын құқық бұзушылықтар тізбесінен алып тастау жол-көлік оқиғаларының өсуіне алып келуі мүмкін», - деді Роман Скляр.
Осыған дейін Қостанай облысында полиция жол ережесін бұзушыларды дрон арқылы анықтап жатқаны туралы хабарладық.