Жол құрылысына қаражат бөлмейтін облыстар бар – Марат Қарабаев

Көлік министрі Марат Қарабаев өңірлік жолдардың жай-күйі мен жергілікті әкімдіктердің құлықсыздығын сынға алды, деп хабарлайды Kazinform.

жол
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Бүгінде жолдардың сапасы бойынша көп сын айтылуда. Олардың басым бөлігі жергілікті желіге қатысты. Биыл 4 200 шақырым жергілікті жолдар жөндеумен қамтылған, оның 3 600 шақырымы жыл соңына дейін аяқталады. Бұл жұмыстарға бюджеттен 384 млрд теңге көзделген, оның тек 81 млрд теңгесі ғана немесе 21 % жергілікті бюджеттен бөлінді», – деді Марат Қарабаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұл ретте кейбір аймақтарда, оның ішінде жолдардың жай-күйі ең төмен өңірлерде жергілікті бюджеттен мүлдем қаражат қаралмаған.

«Атап айтсақ, олар – Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстары. Осы орайда, тиісті әкімдіктер жолдардың нормативтік жағдайын көтеру үшін, жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруды қарастыруы қажет. Бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мақсатында «Ұлттық сапа орталығы» жасаған жұмыстарды қадағалау аса маңызды. Сараптама жүргізудің төмен деңгейі Қарағанды (51%), Ақмола (73%) және Қостанай (79%) облыстарында байқалуда», – деді М. Қарабаев.

Сонымен қатар нысандарға айына ең кемі 4 рет тексеру қажеттігі бола тұра, кей өңірлерде жыл бойы бір-ақ рет тексеру жүргізілген. Ол Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында орын алып отыр.

«Ұлттық сапа орталығы» құрылыс материалдарының 27 мың сынамасын алған. Оның 2900-інде сәйкессіздіктер анықталып, оларды түзету бойынша тиісті шаралар қабылданды. Мердігерлер өз қаражаты есебінен 2 млрд теңгеге жұмыстарды қайта жүргізген.

Айта кетейік, биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша республикадағы ақылы жолдардан 26 млрд 500 млн теңге қаражат түсті. Соңғы уақытта транзиттік ағынның артуына байланысты, жөнделген жолдарды нормативтік жағдайда сақтау үшін жол ақысын қайта қарау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ халықтың шағымдарын ескере отырып, осы жылы барлық күш құрылысы ұзаққа созылған 6 негізгі жобаға бағытталды. Бұл Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахан жолдары.

Соңғы жаңалықтар