«ЖолБарыс» – Қазақстанға қайта оралған Тұран жолбарысы туралы жаңа деректі фильм

АСТАНА. KAZINFORM – Тұран жолбарысы Орталық Азияда кең таралған жыртқыш аңдардың бірі болған. Алайда ХХ ғасырдың ортасында толығымен жойылып кетті. Енді Қазақстан бұл аңды өз табиғатына қайтару үшін кешенді жобаны іске асырып отыр. ҚР Президенті телерадиокешені түсірген «ЖолБарыс» жаңа деректі фильмінде осы туралы баяндалады.  

«ЖолБарыс» – Қазақстанға қайта оралған Тұран жолбарысы туралы жаңа деректі фильм
Фото: видеодан алынған скрин

WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры Екатерина Накашидзенің айтуынша, Тұран жолбарысын табиғатқа қайтару үшін ғылыми тұрғыдан ауқымды зерттеулер жүргізілген.

– Флора мен фаунаға, экожүйеге, әлеуметтік және спутниктік деректерге негізделген зерттеулердің нәтижесінде Іле-Балқаш аймағы жолбарысты қайта жерсіндіруге ең қолайлы аймақ ретінде таңдалды. Себебі бұл өңірдегі табиғи жағдайлар жолбарыстың тіршілігіне қолайлы, - дейді ол.

2017 жылы Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) арасында арнайы меморандумға қол қойылды. Жобаның толық жүзеге асу мерзімі – шамамен 30-50 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаны жеке бақылауына алып, Тұран жолбарысын ұлттық табиғи мұраны қалпына келтіру жолындағы маңызды бастама ретінде бағалады.

– Біз Балқаш өңірінде Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруді бастадық. Бұл – шаруашылық қызметімен байланысты бірқатар қиындықтарды шешуді қажет ететін күрделі міндет, - деген болатын Мемлекет басшысы.

Жоба басталған сәттен-ақ әлемдік қауымдастықтың назарын аудартты. Атап айтқанда, атақты голливуд актері әрі экобелсенді Леонардо Ди Каприо 2017 жылы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанды Орталық Азияда жабайы жолбарысты қайта жерсіндіретін алғашқы мемлекет ретінде атап өтті.

– Қазақстан жабайы жолбарыстарды 50 жыл бұрын жойылып кеткен Орталық Азияға қайтарған бірінші ел болады, - деп жазды Леонардо Ди Каприо.

Резерват құрылып, азық базасы дайындалды

Жай ғана жолбарысты әкеліп, табиғатқа жіберу жеткіліксіз. Ол үшін ең алдымен жолбарыс өмір сүретін толыққанды экожүйе қалпына келтірілуі керек. Осы мақсатта 2018 жылы Іле-Балқаш табиғи резерваты құрылды. Аумақтың жалпы көлемі — 1,2 миллион гектардан асады.

Бұл аумаққа Бұхар бұғысы, құлан мен киік секілді тұяқтылар қайта жерсіндірілді. Жеті жыл ішінде қабандардың саны төрт есеге өсті. Құлан мен киіктердің де саны артып келеді. Барлық жануарлар GPS-трекерлер арқылы бақыланып, қосымша азық және су көздерімен қамтамасыз етіледі.

Қыс мезгілінде 30 арнайы алаңда жануарларға 100 тонна жүгері, 20 тонна арпа және 300 бумадан астам шөп беріледі. Жазда терең құдықтар мен насостар арқылы суару жүйесі ұйымдастырылады.

2024 жылдың күзіне қарай Қазақстанға алғашқы екі Тұран жолбарысы жеткізілді. Жолбарыстар Нидерландтағы жабайы жануарларды оңалту орталығынан әкелінген. Бұл орталықта олар адаммен мейлінше аз байланыста өмір сүрген.

Іле-Балқаш резерватында арнайы вольер кешені салынған. Аумағы – 10 гектар. Онда алты бөлек қоршау, бейнебақылау, бассейн, ветеринарлық бөлім бар.

Ғалымдардың айтуынша, Амур жолбарысы – генетикалық тұрғыда жойылып кеткен Тұран жолбарысына ең жақын түр. Арасындағы айырмашылық – 1%-дан кем. Сондықтан олар экологиялық негізде Тұран жолбарысы ретінде саналуда. Олар өз ата-бабаларының ежелден мекендеген мекеніне – Орталық Азияға қайта оралды.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада Жошы хан жайлы деректі фильмнің жабық көрсетілімі өткенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар