Жолда қалған 100-ге жуық адам Щучьедегі жылу орталықтарына орналастырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалған 95 азамат Щучье қаласындағы жылу орталықтарына орналастырылды. Олардың ішінде 39 бала бар, деп хабарлайды Kazinform.kz тілшісі.

Бурабай ауданының әкімдігі Instagram парақшасында хабарлағандай, Ақмола облысында ауа райының бұзылуына байланысты «Астана-Петропавл» республикалық маңызы бар автожол учаскелерінде Астана қаласынан Щучинск қаласына дейін 18-232 шақырым аралығында көлік құралдарының барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.
«Азаматтық қорғау қызметкерлерімен бірге ауа райының қолайсыздығына байланысты межелі жерінен тыс қалған 95 азамат, оның ішінде 39 бала Щучье қаласындағы жылу орталықтарына орналастырылды», - деп хабарлады әкімдік.
Зерендіден Астанаға жол тартып, жылу пункті – Экология колледжіне көшірілген туристердің бірі құтқарушыларға, полиция қызметкерлеріне және аудан әкімдігіне алғысын білдірді.
Бұл ретте әкімдік қызметкерлері де облыс тұрғындары мен қонақтарын автокөлікпен ұзақ сапарға шықпауға, синоптиктердің болжамын тыңдап, құтқару қызметінің хабарламаларын назардан тыс қалдырмауға шақырды.
Бұған дейін «Астана-Щучье» тас жолында жаппай көлік апаты болғаны хабарланған еді. Құтқарушылар 63 ересекті және 8 баланы эвакуациялады.