Жолдар әлі ақсап тұр: ел халқы инфрақұрылымның қай түріне көбірек риза

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда әрбір 10 тұрғынның шамамен сегізі өз қаласы, кенті немесе ауылындағы мектептердің қолжетімді екеніне қанағаттанған. Бұл — 2026 жылдың III тоқсанында әлеуметтік инфрақұрылым нысандары арасында тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Балабақша, спорт кешендері мен мәдениет мекемелері де халықтан жоғары баға алған.

Жолдар әлі ақсап тұр: халық инфрақұрылымның қай түріне риза
Фото: ҚР Үкіметі

Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу барысында тұрғындар өз өңіріндегі инфрақұрылым мен қызметтердің 17 негізгі элементін бағалаған.

Жалпы, 2026 жылдың III тоқсанында инфрақұрылымның түрлі элементтеріне қанағаттанғандар үлесі 57,8%-дан 78,2%-ға дейін болды.

Мектептердің қолжетімділігіне респонденттердің 78,2%-ы қанағаттанатынын айтқан.

Балабақшалардың қолжетімділігі 73,3%-ды көрсетті. Бұл көрсеткіш жыл бойы тұрақты сақталған.

Спорт кешендері мен нысандарының қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 71,6%, мәдениет мекемелері бойынша 71,1% болды.

Абаттандыру мен ауыз су

Сауалнамаға қатысқандардың 67,8%-ы серуендеу және демалыс орындарының болуына, 67,3%-ы көгалдандыруға қанағаттанған.

Көшелер мен аулалардың тазалығы мен жиналу сапасын 63,8% оң бағалаған. Балаларды дамыту мүмкіндіктеріне қанағаттану деңгейі 66,2%, ауыз су сапасы бойынша 64,4%, мемлекеттік органдар ақпаратының қолжетімділігі бойынша 64,6% болды.

Жол сапасы

Зерттеуде жолдардың сапасына берілген бағаның өскені де айтылған. Бұл көрсеткіш әлі де назар аударуды қажет ететін бағыттардың қатарында.

Бір жыл ішінде жолдардың сапасына қанағаттану деңгейі I тоқсандағы 50%-дан III тоқсанда 57,8%-ға дейін өскен. Бұл инфрақұрылым элементтері арасында ең елеулі өсімдердің бірі болды.

Зерттеу нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым өңірлік ортаның басым жақтарының бірі болып қала беретіні анықталған. Сонымен бірге цифрлық және көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға басымдық беру қажеттігі көрсетілген.

Зерттеу қалай жүргізілді

«Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайдың негізгі индикаторлары бойынша тоқсан сайынғы сауалнама» 2026 жылдың III тоқсанында Қазақстандық қоғамдық даму институты тарапынан жеке сұхбат әдісімен жүргізілді.

Зерттеуге 18 жастан асқан 2 400 респондент қатысты. Сауалнамаға Астана, Алматы және Шымкент қалалары, 17 облыс орталығы, сондай-ақ ауылдық елді мекендер қамтылды.

Сауалнама 2026 жылғы 1-16 тамыз аралығында жүргізілген.

Еске салайық, бұған дейін ел халқының 68%-ы кейінгі үш жылда өмір сүру жағдайының жақсарғанын байқағанын жазғанбыз.