Жолдарды қабылдау комиссияларына полицияны қайта қосу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінгі Үкімет отырысында жолдарды салу және жөндеу кезіндегі қауіпсіздік мәселесі талқыланды.

Абай облысында полиция дрондардың көмегімен жол қозғалысын қадағалауда
Фото: ІІМ

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, 2016 жылы полиция өкілдері мемлекеттік және жұмыс комиссиялары құрамынан шығарылды және осыдан кейін жол қозғалысын ұйымдастыруда жобалық қателіктер жиі кете бастаған.

– Соның салдарынан жолдарда кептеліс көбейіп, жол-көлік оқиғаларының саны артты. Оған қоса, тұрғын үй кешендері мен сауда-ойын-сауық орталықтарын салғанда қажетті автотұрақ орындары қарастырылмайды. Біз полицияны жолдарды қабылдау комиссияларының құрамына қайта қосуды ұсынамыз. Қазір құрылысшылар біздің қабылдау кезінде қатыспайтынымызды біледі, сондықтан жобаның өзіндік құнын төмендету мақсатында қауіпсіздік мәселелерін елемейді, – деді Игорь Лепеха Үкімет басшысына.

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр қазіргі уақытта нысандарды қабылдауды тапсырыс беруші, мердігер, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдері жүргізетінін айтты.

Оның айтуынша, Құрылыс кодексіне мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және төтенше жағдайлар органдарының қатысуын міндеттейтін норма енгізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, жыл сайын еліміздің жолдарында 2 мыңнан астам адам жол апатынан қаза тауып, 20 мыңнан астамы жарақат алады.

Соңғы жаңалықтар