Жолдарды тиісті деңгейде ұстамаған 487 әкімге әкімшілік шара қолданылды
АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылғы қаңтардан бастап автомектептерді ашудың рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты.
— Жүргізушілерді даярлау сапасына бақылау күшейтіліп жатыр. Автомектептердің үстінен мемлекеттік бақылауды қайтарып жатырмыз. Өздігінен дайындықты, оқуды бітіру туралы қағаз түріндегі куәліктерді және медициналық анықтамаларды алып тастадық. Бұл өтілі 1 жылдан аспайтын жас жүргізушілердің кінәсінен адам өліміне әкеп соққан оқиғалар санын 2025 жылы 40 пайызға, осы жылы 7 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, 2027 жылғы қаңтардан бастап автомектептерді ашудың рұқсат беру тәртібі енгізіледі, — деді Ержан Сәденов.
Оның мәліметінше, ішкі істер органдары күн сайын жолдарға тексеру жүргізеді. Әкімдіктер мен жол ұйымдарына нұсқамалар енгізіледі.
— 5 мың лауазымды тұлға жазаланды. Оның ішінде: аудан және ауыл әкімдеріне — 487 және «ҚазАвтоЖол» филиалдарының басшылығына — 345 әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар, жолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін 4 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тексеру барысында аудан-ауыл әкімдері және басқа да жауапты тұлғалар жол инфрақұрылымына қаражаттың дұрыс бөлінбейтінін айтып отыр. Егер осыдан кейін ауыр салдарға жол берілсе жауапкершілік мәселесі облыс басшылығы деңгейінде қаралатын болады, — деп ескертті ол.
Министр мәліметінше, бүгінде полицияның араласуымен 1 мың шақырым қоршау, 500 бағдаршам, 11 мың жол белгісі, 259 реттелетін жаяу жүргіншілер өтетін жер орнатылды.
— Бірақ, әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Сондықтан, адам өміріне тікелей қатысты осы мәселеге қала, облыс әкімдері мен жауапты органдар ерекше назар аударуы керек, — деді Ержан Сәденов.
Айта кетейік, отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталып жатыр.