Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде қар барысы фототұзаққа түсіп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында сирек кездесетін әрі жасырын өмір салтын ұстанатын жыртқыш – қар барысы (ирбис) фототұзаққа түсірілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.

— Бұл бірегей кадрлар жоспарлы экологиялық мониторинг аясында алынған. Қар барысы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және жойылып бара жатқан түрлер қатарына жатады. Оның табиғи ортада көрінуі экожүйенің тұрақты жағдайын және жүргізіліп жатқан табиғатты қорғау шараларының тиімділігін көрсетеді, — деп жазды комитет мамандары.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жабайы жануарларды бақылау мақсатында орнатылған бейнетұзақтардың біріне ҚР Қызыл кітабына енгізілген қар барысы тағы да байқалғанын жазған едік.
Оның алдында Катон-Қарағай ұлттық табиғи паркінің Аршаты орманшылығында қар барысы фототұзаққа түскен болатын.