ЖОО-ларды бақылау сапасын арттыру үшін аналитикалық платформа қажет – Сергей Пен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР БҒМ білім беру процесі сапасын бақылаудың «ойластырылмаған» әдістемесінен мәліметтерді жүйелі түрде жинау мен талдауға көшуі тиіс. Сондай-ақ жоғары оқу орындарын бақылаудың сапасын арттыру үшін аналитикалық платформа қажет. Бұл туралы елордада өткен Академиялық адалдық лигасының жалпы жиналысында Сергей Пен мәлімдеді.
None
None

Жиынға қатысушылар университеттердің сессия нәтижелері мен аталған қауымдастықтың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласының дамуында атқаратын рөлін талқылады.

Естеріңізге сала кетейік, Академиялық адалдық лигасы 2018 жылы АҚШ-тың жекеменшік университеттері мүшелік ететін танымал «Лига Плюща - The Ivy League» үлгісі бойынша құрылған болатын.

Дауыс беру барысында М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің Провосты (ректоры) Сергей Пен бірауыздан 2021-2022 оқу жылына Академиялық адалдық лигасы Жалпы жиналысының төрағасы болып сайланды. Жиын барысында жаңа төраға осы уақыт аралығында Лиганың атқаратын жұмысы бойынша жоспарларымен бөлісті.

Сергей Пеннің айтуынша, Лиганың басты мақсаттарының бірі – аналитикалық платформа құру. Бұл платформа мәліметтерді бір орталықтан жинауға және Лигаға мүше жоғары оқу орындарының академиялық сапа көрсеткіштерін қадағалауға мүмкіндік береді.

«Жоғары оқу орындарының сапасын бақылау үшін аналитикалық (BI) платформасын әзірлеп, енгізу қажет. Университеттердің оқу жүйесінен платформаға жариялайтын деректердің тізімін анықтауымыз қажет. Ол жоғары оқу орындарының қызығушылығын ескере отыра дайындалады. Сондай-ақ дербес деректердің қорғалуын да қамтамасыз етуіміз керек. Біраз уақыттан бері емтихан формасы бойынша сессия нәтижелері жайлы деректер жинап, талдап жатырмыз. Енді студенттердің емтиханға қатысуын, бақылау емтихандарының өту мерзімін, қорытынды бағалары мен олардың өзгеруін талдайтын боламыз», - деп атап өтті Сергей Пен.

Сондай-ақ Лига төрағасы «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 24 тамыздағы Қаулысымен ҚР барлық жоғары оқу орындарына Академиялық адалдық лигасының қағидаттары мен талдау құралдарын енгізу көзделгенін атап өтті.

«Деректерді жүйелеу және бірыңғай талдау жүйесін құру бізге ғана емес, уәкілетті органға академиялық сапа стандарттарының имплементациясын тиімді бақылауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Біз Лиганың ҚР Білім және ғылым министрлігінің сапаны бақылаудың «ойластырылмаған» әдістемесінен деректерді жүйелі жинау мен талдау әдісіне көшуіне себепкер субъект болғанын қалаймыз», - деп қорытындылады Сергей Геннадьевич.

Лиганың Жалпы жиналысына мүшелік ететін 11 жоғары оқу орнының өкілдері, қауымдастырылған мүшелері болып табылатын Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері қатысты.


Соңғы жаңалықтар