Жүк пойызының машинисі далада жалғыз жүрген төрт жасар баланы құтқарып қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Машинист теміржол бойында жалғыз жүрген төрт жасар баланы байқап, пойызды тоқтатқан. Оқиға 20 қыркүйекте Сарыөзек–Үштөбе учаскесіндегі Тауарасы–Айнабұлақ аралығында болған. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

Жүк пойызының машинисі далада жалғыз жүрген төрт жасар баланы құтқарып қалды
Видеодан алынған кадр

20 қыркүйекте сағат 12:30-да Сарыөзек – Үштөбе учаскесінің Тауарасы – Айнабұлақ аралығында қозғалыстағы жүк пойызының машинисі теміржол төсемі жанынан Айнабұлақ станциясына жалғыз бағыт алған даладағы төрт жасар баланы байқап қалған.

— Шамамен 38 км/сағ жылдамдықпен машинист қызметтік тежеуді қолданып, пойызды тоқтатып, баланы локомотив кабинасына мінгізіп алды. Бұл туралы ол пойыз диспетчеріне хабарлады, — делінген хабарламада.

Баланы ата-анасымен байланысқан Айнабұлақ станциясының кезекшісіне тапсырды.

Айта кетейік, Жамбыл облысында жылқысын пойыз қаққан тұрғын 531 мың теңге өтемақы төлейді.