Жұманғарин ЕАЭО нарығындағы кедергілер туралы Президент сынына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ЕАЭО нарығындағы кедергілерді анықтау және жою жұмыстарына басымдық берілетінін айтты.
– Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде биылғы және кейінгі жылдарға арналған жұмыстың негізгі бағдарлары – Мемлекет басшысы қойған басымдықтар мен міндеттерді практикалық іске асыру, оның ішінде ЕАЭО жалпы нарығында қазақстандық тауарларды ілгерілету жолындағы кедергілерді анықтау және жою, – деді С. Жұманғарин бүгінгі Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, ЕАЭО шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары ұлттық деңгейде әрбір ел қолданатын мемлекеттік қолдау шараларының көлемі келісілген мәндерден аспауы керектігі туралы келісімге қол жеткізілді.
– Жалпы алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау және ілгерілету, сондай-ақ теңгерімді сауда саясатын жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасады, – деді Ұлттық экономика министрі.
Айта кетейік, кеше Президент ЕАЭО аясында Қазақстандағы ауыл шаруашылығы тауарлары негізсіз қысымға ұшырап отырғанын, ұлттық мүдделерді қорғау үшін белсенді әрекет ету керектігін айтқан еді.
Бұған дейін Серік Жұманғарин Президенттің V Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары қалай орындалатынын баяндаған еді.