Жұмыс салдарынан 1000-нан аса жапон психикалық дертке шалдыққан

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда 2024 жылы жұмысқа қатысты психикалық дерттер саны 172-ге артып, 1 055-ке жетті — бұл қатарынан алтыншы жыл рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды Kyodo News.

Психосоматика
Фото: teachline.ru

Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің мәліметінше, тіркелген жалпы жағдайлардың ішінде 88-і суицид немесе суицидке әрекет жасау жағдайлары болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 жағдайға көп.

Олардың ішінде 224 жағдайға басшылық тарапынан қысым көрсету мен мазасын алу себеп болған. Ал екінші орында — жұмыстың көлемі немесе сипатының күрт өзгеруі тұр(119 жағдай).

Клиенттердің дөрекі қарым-қатынасы мен агрессиясы (ауызша және физикалық) психикалық дерттерге себеп болатын үшінші факторға айналды. Мұндай 108 жағдай тіркелген, оның 78-і әйелдерге қатысты болған.

Kyodo News дерегінше, клиенттерден көрген психологиялық қысым 2023 жылдан бастап өтемақы төлеуге негіз болатын себептердің қатарына енген.

Салалар бойынша ең көп өтемақы талаптары әлеуметтік қамсыздандыру және көмек көрсету саласының қызметкерлері тарапынан келіп түскен — барлығы 270 жағдай.

Жалпы алғанда, психикалық ауруларға байланысты өтемақы төлеу туралы өтініштер саны 3 780-ге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 205-ке көп болып отыр — бұл да рекордтық көрсеткіш.

Бұған дейін хабарланғандай, Жапонияда бала туу деңгейі алғаш рет төмендеді.

Соңғы жаңалықтар