Жұмысшы мамандықтар жылы: Қазақмыс студенттері замандастарын металлург болуға шақырады
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақмыс» компаниялар тобының Политехникалық колледжі жұмысшы мамандықтардың сапасын арттыру ісіне үздіксіз үлес қосып келеді. Астанадағы «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне қатысушылар осыған көз жеткізді.

Елдің мыс өндірісіндегі жүйе құраушы кәсіпорындардың бірі болып есептелетін «Қазақмыс» компаниялар тобы 38 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Корпорация катодты мыстан бөлек құйма алтын мен күміс, күкірт қышқылын, селен мен мыс теллуридін, қорғасын тозаңын өндіреді. Катодты мыс өндіруден әлемде 12 орында тұрған кәсіпорын үшін басты құндылық – адамдар. Сондықтан өзіне қажетті мамандарды дайындауға тыңғылықты көңіл бөледі. Кәсіпорынға тиесілі Политехникалық колледж осы мақсаттың үдесінен шығып келеді.

Астанада өтіп жатқан «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде осы колледжде білім алып жүрген болашақ металлургтер көпшілікке өз кәсібінің қыр-сырын баяндап, қабілеттерін іспен паш етті.
Жалпы корпорацияның өндіріс ошақтары Қарағанды, Жезқазған, Балқаш қалаларының төңірегінде шоғырланған. «Қазақмыс» корпорациясы политехникалық колледжінің 4 курс студенті Думан Жеткін осы Балқаш қаласында туған.

- Бірінші кен орны бұрғыланып, барлау жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін карьерлер, кеніштер ашылады. Кеніштен қазып алынған материал байыту фабрикасына жіберіледі. Бізге сол фабрикадан ретінде келеді. Одан кейін бір пештен екінші пешке балқытып, бір концентраттың өзінен көптеген металл алып шығамыз, - дейді ол.
Аталған колледждің тағы бір 4 курс студенті Ділназ Мұсаханова бұл салаға ата-анасының кеңесі бойынша бет бұрған екен. Әуел баста сәулетші болуды армандаған болашақ маман қазіргі шешіміне өкінбейтінін айтты. Жалт-жұлт еткен кен әлемі қыз жанын бірден өзіне елітіп әкетсе керек.
- Металлдар жылтырап, әдемі боп тұрады. Алтын, күміс барлығы әдемі көрінеді. Металлургия маманы өте қызықты. Қазақстанның пайдалы қазбалары өте көп қой, - дейді студент.
Жасанды интеллект саласындағы бәсеке қызып, өнеркәсіп революциясының бесінші кезеңі (Индустрия 5.0) жақындаған сайын металлургия саласы да технологияның көшіне сай түрленіп келеді. Сондықтан кен игеру саласындағы жұмысшы мамандықтар әрқашан сұраныс жоғары, табысы мардымды кәсіптің бір болып қала беретін түрі бар. Заманның беталысын қалт жібермей бағып отырған жастар мұны жақсы түсінеді. Сондықтан да «Қазақмыс» ұсынған мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, кәсіпорын жанындағы колледжде білім алып жатыр. Бұл колледжге Қазақстанның түкпір-түкпірінен талапкерлер келіп, оқуға құжат тапсыратынын ескерсек, жастардың жұмысшы мамандығына, соның ішінде металлург мамандығына деген көзқарасы жақсы.
Еске салсақ, қаңтар айында «Қазақмыс» техникалық селеннің алғашқы 100 тоннасын жөнелткен болатын.
«Қазақмыс» корпорациясы 2025 жылғы қаңтардан бастап кәсіпорын ұжымдарында жалақының Ұлттық статистика бюросы ресми белгілеген инфляция деңгейінде индекстелетінін хабарлаған еді. Қазір мұнда орташа айлық 800 мың теңгеден асады.
Сондай-ақ, кәсіпорында 2025 жылдан бастап 2025-2029 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шарт күшіне енді. Шарт аясында:
- материалдық көмек пен өтемақы мөлшерін ұлғайту;
- даму ерекшеліктері бар балалардың ата-аналарына қосымша жеңілдіктер;
- балалар демалысы бағдарламаларын кеңейту;
- барлық қызметкерді ерікті медициналық сақтандырумен қамту көзделген.