Жұмысшы мамандықтар жылына дайынбыз ба?
Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл қадам сұранысы көбейгенімен, түлегі азайған салаға қандай серпін әкелетіні әзірге белгісіз.

Осы орайда Kazinform тілшісі «өзгерісті неден бастау қажет?», «жұмысшы мамандардың статусын қалай белгілейміз?» деген сауалға жауап іздеп көрді.
400 мыңнан астам жұмысшы маман керек
Сөзді сұраныстан бастайық. Елде жұмысшы маман тапшы, сарапшылар үрдіс кейін де жалғасады деп отыр. 2030 жылға дейін салада 410,6 мың адам жетіспеуі мүмкін. Жекелей жіктесек:
- көлік, жүк көлігі мен такси жүргізушісі – 88,1 мың;
- дәнекерлеуші – 18 мың;
- монтаж құрылысшы, құрылысшы-әрлеуші мен суретші – 13,4 мың;
- сантехниктер – 13,2 мың;
- фермерлер мен аралас өнімдерді өндіруші жұмысшы – 12,4 мың;
- сылақшы – 11,2 мың;
- тракторшы – 11 мың;
- құрылысшы-монтажшы, соған байланысты жұмысшылар – 9,2 мың;
- өнеркәсіптік жабдықтардың слесары саласы 8,2 мың маманды қажет етеді. Демографиялық көрсеткіш пен экономика көлеміне қарай санда өзгеріс болуы ықтимал. Алайда бұл статистика дерегі кері кетеді деген сөз емес, керісінше, маман тапшылығы жылдап үдей түседі.
Сондықтан қазірден бағыт белгілі. Мемлекет басшысы жұмысшы мамандарды ынталандыру үшін кәсіби білім беруді дамыту, еңбек нарығын жүйелеу қажетін меңзеген болатын. Келер жылдың жемісті болуына да аталған факторлар әсер етпей қоймас. Әсіресе, қоғамда біршама дау тудырған кәсіптік білім беру мәселесі күн тәртібіне көтерілетін секілді.
«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз, – деді Президент.

Сонымен, білім беру саласындағы реформа қалай жүргізілуі қажет? Сарапшылар алдымен оқуға қабылданатын түлектердің мақсатты түрде келуін әрі олардың жұмыспен қамтылуын назарға алуды ұсынуда. Қазір жұмысшы мамандардың дені колледждерде даярланады. Ондағы білім алушылар мен түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейінде алшақтық бар. Себебі студенттің бірі мемлекеттік білім гранты үшін ғана түссе, кейбірі ЖОО-ға оқуға түсуге ҰБТ балы жетпегендіктен келген. Өз еркімен есік ашқандар аз. Сәйкесінше, колледж түлектерінің мамандық бойынша жұмыс істеу көрсеткішін алға бастыра алмай отырмыз.
Иран моделін қалай енгіземіз?
Осы ретте Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов жұмысшы мамандарды даярлау кезінде білім беру жүйесін үш секторға бөлуді дұрыс санайды: теориялық, практикалық, өндірістік. Алғашқы екеуі колледждердің оқыту тәжірибесінде қолданылғанымен, соңғысы – өндірістік саты ескерілмей келеді. Студенттер таңдаған мамандығының өндірістік бөлігін көзбен көріп, колледж қабырғасында жүріп қосымша табыс тапқанда ғана ынта артады деген пікірде.

– 5-6 жыл бұрын Иран мемлекетінде болдым. Сонша жыл санкция қыспағында болғанына қарамастан ел қатты дамып кеткен. Орта және шағын бизнестің үлесі жоғары, маман тапшылығы жоқтың қасы. Әрине, бұл деңгейге қалай жеткені қызықтырды. Сондықтан Тегерандағы энергетикалық колледж жұмысымен таныстым. Байқағаным, олардың колледжі біздің модельге мүлде жат. Қазақстандағыдай 3-4 қабатты оқу нысаны емес, өндіріс орны алып жатыр. Білім беру нысаны 3 бөлікке бөлінеді екен. Ортасында – теория оқытатын аудитория, екіншісінде – өндіріс қоймасы, үшінші бөлігі – өндіріс цехы. Студенттер осында оқып, жұмыс істейді. Тіпті табысына оқу ақысын төлейді, қалғаны өзіне пайда.
Оқу мерзімі де бөлінген. Мысалы, 6 ай оқыған адам - жұмысшы маман, 1 жыл оқыған студент - кәсіби маман, 1 жыл 8 ай оқығандар күрделі міндетті атқара алатын және басшылық лауазымында жұмыс істейтін түлек болады. Қызығы, ондағы студенттердің жұмысы дайын, оқу бітіргесін тентіреп жүрмейді, – деді ол.
Ерболат Саурықов Иранның білім беру моделін енгізуді уақыт талап ететінін жасырмады. Сол үшін алдымен пилоттық жоба ретінде бірнеше колледжде сынап көруді ұсынды.
Сондай-ақ кейінгі басты қадам ретінде жұмыс берушілердің талабын жүйелеу қажетін айтып отыр. Депутат жұмысшы мамандарды жұмысқа қабылдау туралы арнайы классификациялық талап жасау керек деген ойда. Айтуынша, жұмыс берушілер маман алған кезде университет түлегіне басымдық береді. Салдарынан колледж бітіргендер университет оқуға мәжбүр. Жұмысшы мамандар тапшылығының бір себебін осы мәселеден тарқатты.
– Колледждер ұсынатын түлектер туралы статистиканы қарасақ, 90 пайызға жуығы жұмысқа орналасқан болып шығады. Алайда бұл жерде деректі жинау, қалыптастырудағы алгоритм қате. Мәселен, колледжді бітірген 10 студенттің алтауы ЖОО-ға түсті, екеуі жұмысқа орналасты делік. Статистикада колледж басшылығы 8 адам жұмыспен қамтылды деп береді. Сондықтан дерек жинау үрдісін нақтылыққа құру артық етпейді, – деді депутат.
Білім беру гранты көбейеді
Жасыратыны жоқ, Үкімет техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауға мүдделі болып отыр. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бастаған жұмыс тобының колледждерді 3-4 деңгейге бөлу, жұмысшы мамандарды даярлауға арналған оқу бағдарламасын жаңарту бастамасы осы өзгеріске бағытталған. Білім беру гранты да назардан тыс емес. Жауапты министрлік сұранысы жоғары салаға білім грантын көптеп бөлуге ниетті. Мәселен, биыл ЖОО-ға түсу үшін 112 мың грант берілсе, оның 60 пайызы техникалық мамандықтарға тиесілі. Ал колледждерде білім алу үшін 145 мың грант бөлінген – жылдағыдан 12 мыңға көп. Басым дені машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия секілді техникалық мамандықтарға бағытталған. Оған қоса кәсіпорындардың өтінімі негізінде орта кәсіптік оқуға 10 мың талапкерге мүмкіндік берілді.

– Техникалық мамандықтардың ішінде ақпараттық технологиялық коммуникация саласында 10 900 грант бөлінді. Жаратылыстану, статистика мамандықтарына 8 288 мың грант берілді. Жалпы осы техникалық бағыттарға деген қызығушылық жастар арасында өте белсенді болып тұр. Техникалық бағыттарға деген қызығушылық соңғы 2 жылда едәуір өсті, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы Қарлығаш Қалыбеккызы.
Жалақы жайы
Қалай десек те мәселені түпкілікті шешетін тетік – жалақы мен бос жұмыс орны. Қоғамның күтетіні де осы. Бұл ретте жүктің ауыры ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне түсетіні анық. Жауапты органдармен бірлесіп нарықты реттеу, азаматтардың екі қолға бір күрек табуына септесу бүгіннен басталып кеткен. Жұмысшы мамандықтар жылы қандай жобалар жүзеге асуы мүмкін екенін білу үшін министрлікке арнайы сауал жолдаған болатынбыз. Білгеніміз, басым бағыт цифрландыру мен арнайы курстар өткізуге негізделген секілді.
«Қазақстанда жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мақсатында Еңбекмині тарапынан жобалар әзірленуде. Оның ішінде электрондық еңбек биржасының базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін өндірістік практиканы ұйымдастыру, кәсіби білікті тану орталықтарын ашу, мектеп оқушылары мен студенттер үшін жетекші кәсіпорындарда ашық есік күнін өткізу, «Мансап компасы» платформасында мектеп оқушылары үшін кәсіптік бағдарлауды ұйымдастыру қарастырылуда.
Сондай-ақ «Жұмысшы кәсіптер» бойынша бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізу, жұмысшы кәсіптер бойынша кәсіптік стандарт пен оқу бағдарламасын жаңарту, электрондық еңбек биржасының базасында жұмысшы кәсіптер бойынша VR курстар әзірлеу мен жұмысшы кәсіптер бойынша субсидияланатын жұмыс орындарының санын ұлғайту ұсынылды», – делінген хат мәтінінде.
Мамандардың статусы мен мәртебесіне қатысты та тармақ бар екен. Министрліктің айтуынша, жоспар жобасына қосу үшін жұмысшы мамандық иелерінің еңбек құқын қорғау бойынша ұсыныстар берілген. Ол бойынша заңдағы жұмыскердің еңбек құқығын қорғау бөлігін өзгерту және лайықты еңбек қағидатын ілгерілету бойынша жұмыс жүргізілмек. Оған қоса еңбек қатынасын декларациялау тетігін ендіру, кеңес беру орталықтары ашылуы ықтимал.
Ал Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру үшін жалақы мөлшерін көтеру жеткілікті. Түлектердің саладан алыстауына аталған мәселе түрткі.
– Кез келген мамандықтың жастар тарапынан қызығушылық тудыруы үшін, ең алдымен, оның жалақысын көтеру керек. Биыл жазда өңірлерде болғанымызда елімізде дәнекерлеуші, кран машинисі, су жолы қызметкері, слесарь секілді қажет мамандардың жетіспейтінін көрдік. Себебі сол – жалақысы аз. Сондықтан ол мамандықтарға ешкім барғысы келмейді. Қазір Парламент тарапынан қабылданған нормативтік-құқықтық база бұл бағытта жұмыс істеу үшін жеткілікті. Заңдар бар, енді атқарушы органдар біз айтып отырған жалақы мәселесін көтеру жағымен шұғылдануы керек, – дейді Асхат Қанатұлы.
Жұмысшы мамандықтар жылына арналған жоспар бірнеше айдан кейін-ақ жүзеге асады. Демек маман статусы қалай құбылатынын, саладағы реформалар қандай нәтиже беретінін көретін күн алыс емес. Бастысы, еңбек адамы үшін мүмкіндік есігі ашылмақ.