Жұмысшы мамандықты таңдаған балаға жақсы маман боласың деп уәде бере аламыз — Бағдашжан Молдашева
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Тау-кен колледжінің түлектері жыл сайын түгелге жуық жұмысқа орналасады. Еліміздегі үлгілі колледж жұмысын былтыр Президент те көріп, ұйымдастыру шеберлігін көрсеткен директоры Бағдашжан Молдашеваны Ақордаға шақырды. Бүгін ол Құрмет орденімен марапатталды.

— Өзіңіз туралы айтып берсеңіз…
— Екі жоғары білім алдым. Мамандықтарым — тарих пәнінің мұғалімі, заңгер-экономист. Мен бір салаға берілген, сол саланың бүге-шігесіне дейін зерттеуге білек сыбана кіріскен адаммын. 1986 жылы мектепте жұмыс істедім, кейін мұғалім, мектеп директорының орынбасары қызметтерінде 15 жыл бойы еңбек еттім. Ал 2000 жылы Хромтау кәсіптік-техникалық училищесіне ауыстым. Содан бері колледжде еңбек етіп келемін. 2003 жылы осы колледжге директор етіп тағайындады. Арада 22 жыл өткен екен.

— Хромтаудағы колледж бүтін бір өндірісті білікті маманмен қамтып отырған арнаулы оқу орны. Мұның сыры неде?
— 2000-жылдардың басында мұнда 138 білім алушы болды. Ал ұжымда 15 адам еңбек етті. Бүгінде колледжге айналып, мыңнан астам студент білім алып жүр. Ал ұжымда 120 адам еңбек етеді. Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі аты айтып тұрғандай, тау-кен саласына маман дайындайды. Өзгелер жан-жақты, түрлі саланы жиып алса, біз кәсіби бағытты ұстанамыз. Тау-кен және техникалық мамандық. Біздің жетістігіміз — әлеуметтік серіктес компаниямен арадағы тығыз қарым-қатынас. Дөң кен-байыту комбинатына жұмысшы мамандарды дайындап отырмыз. Еліміздің батыс өңіріндегі жалғыз оқу ордасы деп айтсақ та болады. Комбинатқа қандай маман керек, біз соны дайындап береміз. Әлеуметтік серіктес сырттай бақылап, құр тапсырып отырмайды, дуалды жүйе аясында теория мен тәжірибе бірікті. Қазіргі кезде түлектердің 95-97% жұмысқа орналасқан. 100% көрсеткішке жету мүмкін емес. Себебі әскер қатарына алынады, қыздар тұрмысқа шығады. Ал өзгесінің бәрі сол комбинатқа жұмысқа барады. Колледж мемлекеттік аттестация, индустриалдық аккредитациядан мүдірмей өтті. 2024 жылы қазан айында халықаралық салалық аккредитацияда да мүдірмедік. Енді түлектер шетелде де жұмыс істей алады. Біз шетелдік компания өкілдерінен «мамандар талапқа сай емес, бізге жарамайды» дегенді естіп, көріп жүрміз. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін түлектер емтихан тапсырды, сол сынақтан сүріпбей өтті.

— Кәсіптік-техникалық арнаулы орта оқу орнының білім беру жүресін дамыту жолында көп іс тындырылды. Алдағы уақытта тағы не өзгеруі мүмкін?
— Кішкентай кезімде мұғалім болам деп армандадым. Тарих пәнін жақсы көремін. Қазіргі кезде басшы, менеджер болған соң маған кадр дайындау жұмысы қызық. Мектептердің 10-11 сыныбында кім қалады? Әрине, жақсы оқитын балалар. Олар жоғары оқу орындарына барады, шетелде оқиды. Ал орташа оқыған балалар жұмысшы мамандықты меңгереді. Мұндайда дәнекерлеуші болу үшін ұлы математик болудың қажет жоқ деп айтамыз. Зерттеп, зерделеп, ғылыми жұмыстың тақырыбын да училище мен колледждердегі білім беру-тәрибе жүйесін гумманизациялау деп алып, әр бала талантты екенін дәлелдедім. Ол жақсы математик, физик болмаса да жақсы жұмысшы, дәнекерлеуші, электрик бола алады. Әр баланың қабілетін ашу — біздің міндетіміз. Жұмысшы мамандықты таңдаған балаға жақсы маман боласың деп уәде бере аламыз. Бала мен ата-ана бізге сенеді, біз сенімнен шығу үшін жұмыс істей береміз.
— Осы еңбегіңіздің бағасы бар ма?
— Қазіргі кезде педагогика ғылымдарының кандидатымын, халықаралық ақпараттар академиясының тілшілер мүшесі. Сонымен бірге Ы.Алтынсарин атындағы медалімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. «Білім саласының үздік менеджері» облыстық байқаудың Гран-при жүлдегерімін. Әрі Еуропалық жоғарғы мектебiнің «Педагогиканың құрметті профессоры» атағының иелендім. 2017 жылдан бастап Ақтөбе облысының техникалық және кәсіптік білім беру орындарының директорлары кеңесінің төрағасымын.

— Сіз Президентпен екінші рет кездестіңіз… Алғашқы кездесуде не айтты?
— Президент Хромтауға сапарында «Болашақ» шахтасының жұмысымен танысты. Шахтаға кім кадр дайындайды? Әрине, колледж. Сол сапары кезінде біздің де колледжге келіп, аудитория, шеберхана, зертханаларды қарап шықты. Еліміздегі үздік он колледждің қатарына кіреміз ғой. Бәріне көңілі толды, ризашылығын білдірді. Сол кездесуде «Сізді міндетті түрде Ақордаға шақырамын» деп еді. Сол күн туды.
Айта кетейік бүгін Бағдашжан Молдашева «Құрмет» орденімен марапатталған еді.