Жұмысшылар жылының жартысы өтті: еңбек нарығында қандай өзгеріс бар

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Еңбек адамын дәріптеу, қоғамдағы мәртебесін көтеру үшін қолға алынған бастама кезеңінің бел ортасынан өттік. Бұл қадамға баруға еліміздің еңбек нарығында жұмысшы кадрлардың жетіспеуі себеп болды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жыл сайын 250 мың жас еңбек нарығына қосылады. Бірақ соның ішінде кәсіби-техникалық білім алғандардың үлесі 18 пайыз ғана. Ал нарықтың сұранысы бойынша, жұмысшы маманның үлесі кем дегенде 60 пайыз болуы керек. Сонымен, қазір бұл мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Jibek Joly арнасы тақырыпқа зер салып көрді.

жұмысшы мамандықтар кәсіп
Коллаж: Kazinform

Ел экономикасындағы бір олқылық

Қазір еліміздің еңбек нарығында 30 мыңға жуық құрылысшы, 20 мың ауыл шаруашылығындағы механизатор, өнеркәсіпте 15 мыңға жуық токарь мен дәнекерлеуші жетіспейді. Бұл өз кезегінде ел экономикасы үшін зиянын тигізбей қоймайды.

Жұмысшы мамандықтар
Фото: видеодан алынған кадр

– Еңбек нарығына қажеттілікті біз орта мерзімді болжам негізінде анықтаймыз. Әр жыл сайын алдағы 6 жылға болжам жасалады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізеді. Сауалнама нәтижесі жергілікті атқарушы органдарға жіберіліп, өз кезегінде олар мәліметтерге талдау жасап, министрлікке жолдайды. 

Ал біз сауалнама мен статистиканы алып, экономика көрсеткіштеріне байланыстырып, қысқамерзімді болжам жасаймыз. Біздің болжамымызша, 2035 жылға дейін 800 мыңнан аса жұмысшы маман қажет болады, – дейді Еңбек министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Айжан Жапалбаева.

Жапалбаева
Фото: видеодан алынған кадр

Жұмысшыларға сұраныс еліміздің солтүстігіндегі аймақтарда көп екені байқалады. Мамандардың біразы қартайып барады. Оның бірінші себебі ретінде жалақының аздығы айтылады. Тұрғындар, әсіресе жастар жағы такси жүргізушісі немесе курьер болып жұмысшыдан әлдеқайда көп ақша таба алады.

Әлемдік тәжірибеге көз салсақ. Германияда жастардың 52 пайызы мектептен кейін кәсіби-техникалық білім жолын таңдайды. Финляндияда бұл көрсеткіш 45 пайыз, Оңтүстік Кореяда – 40 пайыз. Ал бізде әзірге тек әрбір бесінші түлек қана колледжге барады. Бұл елдер жұмысшы мамандықтарын тек әлеуметтік қажеттілік деп емес, экономиканың тірегі деп қарастырады. Мәселен, Германияның «Dual system» моделі бойынша студенттер аптаның жартысын өндірісте, жартысын аудиторияда өткізеді. Ал бізде мұндай тәжірибе енді ғана қалыптасып жатыр.

– Негізі өндірісі бар өңірлерге сол саланың мамандарын дайындау маңызды. Шетелдік университеттердің филиалдарын ашу кезінде де осы қағиданы ұстанамыз, – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Әсет Дәрімбек.

Жұмысшы мамандарға көзқарас өзгеруге тиіс

Қоғамда жұмысшы мамандықтарына қатысты көзқараста белгілі бір таптаурын қалыптасқаны жасырын емес. Көпшілік әлі күнге дейін тек жоғары білім алуды табысқа жетудің жалғыз жолы деп санайды. Бірақ қазір инженер, электрик, механик, дәнекерлеушілердің жалақысы кейбір кеңсе қызметкерлерінен екі есе жоғары. Мәселен, Астана мен Алматыдағы құрылыс алаңдарында білікті дәнекерлеушінің орташа айлығы 600-700 мың теңгеге жетеді. Ал ауыл шаруашылығында комбайншы науқан кезінде айына 1 миллион теңгеге дейін табыс табады. Сенбейсіз бе? Онда біз көрген бірнеше кейіпкердің тіршілігін тамашалап көріңіз. Мүмкін, ойыңыз өзгеріп қалар.

Мәселен, астаналық электрик Мұстафа-Насыр еңбек нарығында жоғары бағаланатын маман. 25 жасар жігітті компания колледж бітірген бойы жұмысқа алған. 5 жылдан аса уақыт өткенде жарты қаланың жарықтандыруына жауапты болып отыр.

электрик
Фото: видеодан алынған кадр

Енді электрондық еңбек биржасына бас сұғып көрейік. Сандарға сенсек, ең көп бос жұмыс орындары Астана (8 мың), Павлодар (6,4 мың) және Алматыда (5,8 мың) тіркелген. Ал бос орындардың айтарлықтай қысқаруы Батыс Қазақстанда байқалады, 52 пайызға дейін азайыпты. Жұмыс іздеушілердің 43,9 мыңы 16 мен 34 жас аралығындағы жастар. Орта жастағы (35-44 жас) іздеушілердің жалпы саны 23 мыңға жетіпті. Ал зейнетке дейінгі жастағы азаматтардың үлесі 9 пайыз (8,7 мың).

Ал жалақысы жоғары мамандар тізімінде бас құрылысшылар тұр, оларға 700 мың теңгеден жоғары айлық ұсынып отыр. Өндіруші өнеркәсіптегі қызмет басшыларына 649 мың теңге жалақы. Диірменшілерге 580 мың теңге беруге дайын тұрғандар бар.

Жұмыс іздеушілердің сұранысына келсек, жоба әзірлеу басшылары еңбекақысын 1,3 млн теңгеге бағалапты. Талдау қызметінің жетекшілері жалақының 1,2 млн теңге болғанын қалайды. Ұшқыштар 1,1 млн теңгені қанағат тұтыпты. Бұдан байқағанымыз жұмыс беруші мен жұмысшының ойы жиі тоғыспайды. Бұл да еңбек адамдарының қол қусырып отыруына бірден-бір себеп.

– Біз жұмысшы мамандықтардың жаңа идеологиясын қалыптастырып жатырмыз. Бұған дейін қоғам жұмысшыларды ең өнімділігі төмен маман иелері ретінде санап келді. Қазір олай емес, жұмысшы мамандар жаңа технологияны меңгерген, дрон жасап, үлкен кәсіпорынды басқаратын деңгейде, – дейді ҚР Президентінің кеңесшісі Тамара Дүйсенова.

Тамара Дуйсенова
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

 

Кәсіпорындар білім саласын қолдай бастады

Елімізде кәсіптік-техникалық білім беретін 772 колледж бар. Оларда 556 мың студент оқиды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2 жыл ішінде олардың шәкіртақысы 2 есе өсті. Биыл 153 мың студент сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және тағы басқа техникалық мамандықтарға бағытталады.

Ғани Бейсембаев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

– 270 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыс берушілерден инвестиция тарта отырып, іске асатын болады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың студенттерді толық жатақханамен қамту жайы ойластырылып жатыр. Қазір 518 кәсіпорын қамқорлық көрсетіп отыр, алдағы уақытта 4 мың кәсіпорынның колледждерге бекітілуі көзделген, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Жалпы, жұмысшы мамандарды даярлау тек колледждердің мойнында ғана емес. Сарапшылардың айтуынша, бұл бағытта жоғары оқу орындарының әлеуетін де арттыру қажет. Өйткені елімізде инженерлік, аграрлық, технологиялық бағытта білім беретін университеттер көп. Бірақ жартысына жуығы материалдық-техникалық базаға жарымай отыр. Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы жоғары оқу орны түлектерінің шамамен 40 пайызы жұмысшы мамандықтарына жақын салаларда білім алады. Алайда олардың басым бөлігі теорияға бейімделген, ал тәжірибелік машық аз. Сондықтан оқу орындарында дуальді оқыту жүйесін дамыту, өндіріс орындарымен тығыз әріптестік орнату – еңбек нарығындағы алшақтықты азайтуға сеп болмақ.

Енді әлеуметтік пакеттерге тоқталсақ. Биыл елімізде «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Ол арқылы өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласындағы қызметкерлер жеңілдікпен үй алады. Баспана Отбасы банкі арқылы беріледі. Азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7%-дан, ал қалған санаттар үшін 9%-дан басталады. Бастапқы жарна ретінде әрленген тұрғын үйді сатып алу үшін 10%, әрленбеген баспананы және екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін 20% болады. Облыстардың тұрғындары 30 млн теңгеге дейін, Астана мен Алматы қалаларының жұмыскерлері 36 млн теңгеге дейін ипотека рәсімдей алады. Биыл бұл мақсатта 2 440 несие беру жоспарланып отыр.

жұмысшы
Фото: видеодан алынған кадр

Қазақстан жаңа индустрияландыру кезеңіне қадам басып отыр. Өндіріс орындары, құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы – бәрі де жұмысшы қолына тәуелді. Егер осы сұраныс уақытылы өтелмесе, біз шетелдік жұмыс күшіне тәуелді бола береміз. Қазірдің өзінде елімізде 200 мыңға жуық шетелдік еңбек етіп жүр. Олардың басым бөлігі – қарапайым құрылысшылар мен механизаторлар. Сондықтан «Жұмысшы мамандықтар жылы» – жай ғана біржылдық науқан емес, Қазақстанның жаңа еңбек философиясын қалыптастыруға жасалған нақты қадамы.

Соңғы жаңалықтар