Жұмыссыздарға проактивті түрде бос жұмыс орындары ұсынылады
АСТАНА. KAZINFORM – Енді елімізде жұмыссыздық мәртебесі автоматты түрде анықталады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин бүгінгі Үкімет отырысында айтты.

Оның айтуынша, цифрлық трансформация процесінде азаматтың еңбек қызметінің толық цикліне көңіл бөлінді. Жұмыспен қамту бағдарламаларына жолдама беруден бастап, жұмысынан айырылу, жүкті болу, босану және бала асырап алу кезінде көмек көрсету, зейнетақы төлемдерін тіркеуге дейінгі барлық негізгі кезеңдері қарастырылды.
Бұл тәсіл жұмыс жолының басынан зейнеткерлікке шыққанға дейінгі барлық кезеңдердегі қызметті қолжетімді ететін тұтас цифрлық траекторияны құруға мүмкіндік берді.
– Мысалы жұмыс іздеген азаматтарды тіркеу бастамасы бар. Бұрын жұмыс іздеу мен жұмысқа орналасу азаматтардың дербес әрекетіне негізделетін. Бос жұмыс орындарын іздеу қолмен жүргізілді, бұл айтарлықтай уақыт пен еңбек шығындарын талап етті. Ал қазір мемлекеттік деректердің интеграциясына және жұмыссыздық мәртебесін автоматты түрде анықтауға көшу жүріп жатыр. Енді жүйе азаматтарға қолмен іздеу қажеттігін жойып, қолайлы бос орындарды проактивті түрде ұсынады, – деп түсіндірді Қаныш Төлеушин.
Сонымен бірге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау процесі отбасы үшін қиындықтармен қатар жүретін.
– Жақынынан айырылу және күйзеліс жағдайында отбасы мүшелері көп уақыт алатын қажетті құжаттарды жинауға мәжбүр болды. Жаңа тәсілді енгізу арқылы қызметті ұсынудың проактивті моделі іске асырылды. Нәтижесінде қызмет көрсету мерзімі 7 күннен 1 күнге дейін қысқартылды, – Қ. Төлеушин.
Айта кетейік, елімізде зейнетақы да автоматты түрде тағайындалатын болды.