Жүрегінде ақауы бар ақтөбелік сәбиге кореялық дәрігерлер ота жасады

Ақтөбелік дәрігерлер Оңтүстік Кореяның ақ халаттыларымен бірге бірнеше жобаны қолға алды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе медициналық кластерін дамыту үшін адам ағзасын ауыстыру отасы кореялық дәрігерлермен бірге жасалып жатыр. Бауыр, бүйрек операциялары жасалып, екі ел арасында бірнеше меморандумға қол қойылды.
Ал таяуда 8 айлық балаға Корея гоститалінде ота жасалды. Туа бітті жүрек ауруына шалдыққан бала қазір учаскелік дәрігерлердің бақылауына алынған. «Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Сеул университеті арасындағы меморандумға сәйкес аса ауыр дертке шалдыққан балаларға ем жүргізіледі. Таяуда 8 айлық бала ем алып келді. Қазір жергілікті дәрігерлердің бақылауына алынды. Жағдайы қанағаттанарлық. Сонымен қатар, меморандум аясында медициналық кластердің балалар кардиохирургі баланың ата-анасымен бірге Сеулге барып, тегін тәжірибеден өтіп келді»,- деді Ақтөбе облысының бас педиаторы Айгүл Көштаева.