Жүрекпен таңдалған кәсіп: Қамыр илеп, болат балқытқан қарағандылық жастар
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Мамандық таңдау — адамның болашақ тағдырын айқындайтын маңызды қадам. Бұл шешімге отбасы әсер ете ме, әлде жүректің үнін тыңдаған дұрыс па? Kazinform тілшісі Қарағанды өңіріндегі екі колледж студентімен сұхбаттасып, өмірлік жолдары екі түрлі болғанымен, оларды біріктіретін ортақ қасиетті — таңдаған кәсібіне деген шынайы сүйіспеншілікті байқады.

Рәзия Әбдуәли: Қамырдан иленген арман
Рәзия Әбдуәли — Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Ақсу ауылынан шыққан көпбалалы отбасында өскен. Он бір баланың бірі. Екі жыл бұрын ол Қарағанды тағам және сервис колледжінің табалдырығын аттап, алғашқы күннен-ақ ұстаздардың назарына ілігіпті — еңбекқорлығы мен дарыны бірден көзге түскен.

Қазір Рәзия — колледждің белсенді студенті ғана емес, өз ісінің болашағына сенетін жас маман. Жас та болса, наубайшылық пен кондитерлік өнер бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп жүр. Оның айтуынша, бірінші курс студенттері мен қонақтар алдында білім-тәжірибесімен бөлісу — бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің ең маңыздыларының бірі.

— Бала кезімде наубайшы болуды армандайтынмын. Жаңа піскен нанның иісін ерекше жақсы көрем. Таң ата ұйқыдан дәл сол иістен оянатынбыз. Анам әр күн сайын таңғы асқа нан пісіретін. Анашым мен үшін үлгі әрі ең бірінші ұстазым деп айта аламын. Колледжге түсуіме де сол кісінің ықпалы зор, — дейді Рәзия.

Ол өзінің жасаған таңдауына еш өкінген емеспін дейді. Қазір бойжеткен кәсіби шеберлігін жетілдіріп қана қоймай, колледждің қоғамдық өміріне де белсене араласады. Бүгінде ол — республика колледждерінің үздік 100 студентінің қатарында. «Жігер» студенттік парламентінің «Мәдениет және өнер» фракциясын басқарады. Түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, оқу орнына шығармашылық пен жылулық сыйлап жүр. Рәзия — колледжішілік те, облыстық деңгейдегі де байқаулардың жеңімпазы.
Мәселен, «Менің отбасым — менің шежірем» атты байқауда жүлделі екінші орынды иеленсе, ақын Серік Ақсұңқарұлына арналған шығармашылық конкурста «Мен — һас сақтың қара өлеңі» номинациясы бойынша лауреат атанды. 2024 жылы «Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» атты облыстық шарада арнайы марапатқа ие болды. Сонымен қатар, ол «Еңбек. Болашақ. Даму» форумында меценат әрі облыстық мәслихат депутаты Асқар Оразбековтің грантын жеңіп алды.

2023 жылы WorldSkills байқауында «кондитерлік іс» бойынша бақ сынаса, 2025 жылы «наубайшылық өнер» бағыты бойынша облыстық кезеңге қатысты.
— Біз бес модульден тұратын тапсырмаларды екі күнде орындадық. Қиын болмады — ұстаздарымыз өте жақсы дайындады. Әрине, бала күнімнен анам үйреткен машықтар да үлкен көмегін тигізді, — дейді ол.
Болашақтағы арманы — туған ауылында өз наубайханасын ашу.

— Қамырмен жұмыс істеу — екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қазақта «қолы жеңіл» деген сөз бар ғой. Біз отбасымызда жеті қызбыз — бәрінің қолынан дәмді, жұмсақ нан шығады. Бөлелеріміз бен немере әпке-сіңлілеріміз де сондай. Демек, бұл — біздің әулетке біткен қасиет. Өзімнің наубайханамды туған ауылымда ашу — менің мақсатым. Ол күн алыс емес деп сенемін, — дейді Рәзия сеніммен.
Айбар Жоланов: Ақ халаттың орнына болатты таңдаған бозбала
Айбар Жоланов — Теміртаудағы Жоғары политехникалық колледждің студенті. Ол да республикадағы үздік 100 студенттің қатарынан табылып отыр. Алайда Айбардың жолы Рәзияныкінен мүлде бөлек — ол иісі аңқыған наубайханадан емес, от пен жалынның ортасынан, болат балқытатын цехтан өз орнын тапқан.

Колледжге түсер кезде Айбардың алдында екі жол тұрды: медицина немесе металлургия. Таңдау соңғысына түсті — бұл шешімге әкесінің өмір жолы әсер еткен. Әкесі — 33 жыл бойы металлургия саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.
— Металлургияға деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Әкем осы салада еңбек етеді, бүгінде де зауытта жұмыс істеп жүр. Біздің қалада бұл мамандық өте қадірлі әрі сұранысқа ие, — дейді Айбар.

2024 жылдың сәуірінде ол Sike компаниясы ұйымдастырған металлургия бойынша алғашқы халықаралық олимпиадаға қатысты. Байқау оның өзі оқитын колледжде өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен студенттер келіп, домна, агломерация және конвертер цехтарының нақты көшірмелері саналатын тренажерлерде өз шеберліктерін көрсетті.
— Біз алғашқы курстан бастап осы учаскелерде тәжірибе жинадық. Сондықтан олимпиадада аса қиындық туындаған жоқ, — дейді ол.

Сол жылы мамыр айында Айбар Балқашта өткен республикалық «Кейс ПТК-2024» конференциясына қатысты. Бұл жолы ол түрлі түсті металлдармен жұмыс істеп көрді.
— Бұған дейін тек қара металмен жұмыс істедім. Түрлі түсті металдармен танысу — қызықты тәжірибе болды. Дегенмен, мен үшін болат — басты таңдау. Оның беріктігі менің ұстанымдарыммен үндес, — дейді ол.

Айбардың айтуынша, металлург болу үшін ең қажет қасиет — сабыр мен төзім.
— Металды балқытып, қалыпқа құю — оңай іс емес. Бұл жерде күтуді, температураны сезінуді, материалдың табиғатын түсінуді, уақытты дұрыс есептеуді меңгеру керек. Сабыр — осы кәсіптің негізі, — дейді ол.
Осыған дейін колледж бітіргендердің қанша пайызы жұмысқа орналасатыны туралы жазған болатынбыз.