Жүректі бала іздейміз - грек-рим күресінің бапкері
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік бапкер Ерлан Мырзағұлов білекті, жүректі балуандарды ауылға барып іздеуге ден қоймақ. Сонымен бірге жастардан өсіп, ересектерге өткенде арнайы академия болғанды қалайды. Осы аралықта спортты емес, қарапайым өмірді жалғастыратын балуандарды ынталандыру әлі де оңайға соқтай жүргенін айтып берді. Қазір өзі кішкентайынан тәрбиелеген Дінислам Сағитжан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, 17 жылдан кейін үздік нәтиже көрсетті. Ерлан Мырзағұлов күрескер балуанды тәрбиелеу мен ондағы кедергілерді Kazinform тілшісіне айтып берді.

Мақсат – Олимпиада чемпионын дайындау
Ерлан Мырзағұлов - Шалқар ауданының тумасы. Ақтөбе облысы бойынша осы ауданда ғана грек-рим күресі оң жолға қойылып, дамып келеді. Ал өзге аудандарда мұндай үйірме жоқ. 2001 жылдан бастап Шалқардағы В.Цеханович атындағы мектепте жаттықтырушы болған ол 2016 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударады. Мұнда Есет батыр атындағы мектеп-интернат-колледжі ашылып, бапкерлікті жалғастырды. Өзі ғана емес, жаттықтырып жүрген балалары ере келді. Тіпті бұған дейін Алматы, Астанаға апарған сүт бетіндегі қаймағы да шақырылды. Олар жаттықтырушы сөзін екі етпей, спорттағы мансабын Ақтөбеде жалғастырды. Бапкер әр спортшының аяқ алысын бағамдап, Олимпиада чемпионын дайындауды мақсат етіп отыр.
- Грек-рим күресі - Олимпиадалық спорт түрі. Әр спортшы мен әр бапкердің мақсаты – олимпиада шыңына жету. Осыны анық ұққан жастарды түрлі жарыстарға дайындап жатырмыз. Менің алдымдағылар U20, яғни, 20 жасқа дейінгі балуандар. Олар Азия, Әлем чемпионаттарына қатысып, шыңдалып, Олимпиадаға барса дейміз,- деді Ерлан Мырзағұлов.
Спортшылар үшін жыл басы – жауапты кезең. Жаңа жылдық демалыстан соң олар алдымен тау басына шығып жүгіріп, ақпан айында боз кілемде әдіс-тәсілдерді пысықтайды.

- 5-8 сәуір айы аралығында Петропавл қаласында өтетін жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысады. Сол жерде Азия, Әлем чемпионатына қатысатын жастар іріктеледі. Оқу-жаттығу Шымкент қаласында өтеді. Барлығы 10 салмақ бойынша 10 балуан барады. Ол жерге түрлі елден команда келіп, қатысады. Әзірбайжан, Украина, Бельгия командаларымен бірге жаттығу жасаймыз. Сонымен бірге Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысып, дайындық жүреді. Қазір бізде 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 87, 97, 130 салмақ дәрежесі бойынша екі балуаннан бар. Соның ішінде іріктеу өткізіп, дайындығын негізге аламыз. Спортшының психологиялық әзірлігі де маңызды. Бірнеше жарысқа бір сортшының қатар қатысатын кезі болады. Кейде екі спортшының да аламыз. Мәселен Қазақстан біріншілігіне 15 спортшы барады. Барлығы 10 салмақты толтырған соң, тағы бесеуін қосымша апаруға мүмкіндік бар. Бабында дегеніміз - ауырып-сырқамай, дайындықты тұрақты өткізгені, жақсы күресіп, өзін көрсеткені. Бала бәйгеге қосуға дайын болады. Соны бабында деп айтамыз. Кейде салқын тиіп ауырып, жарақат алып қалады. Дайындық кезінде де бір-бірінің күшін аямай, барын салады ғой. Иығы, шынтағы, тізесі ауырып кетуі мүмкін. Сондайда демалыс беріп, дәрігерлер ем-дом жүргізеді,- деді бапкер.
Есет батыр атындағы мектеп-интернат-колледж – Қазақстандағы ең үздік оқу орны
Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі 2017 жылы ашылды. Содан бері мұнда 7-сыныптың оқушылары, спортшылары қабылданды. Спортқа бейім балалар мұнда 11 сыныпты бітіріп, кейін колледжде оқуын жалғастырады. Мұндағы білім ордасы тамақтандыру, жатын орынмен толық қамтылған. Жас спортшылардың тобы U15, U17 және U20 деп бөлініп, жаттығуды жаз айына дейін жалғастырады. Тәртіп пен режимнің арқасында аз уақытта көп нәтижеге жеткенін айтты жаттықтырушы.
- Ақтөбе облысында түрлі балалар-жасөспірімдер спорт мектептері бар. Балалардың алғашқы даярлықтары сонда өтіп, іріктеледі. Кейін арнайы мектепке қабылданады. Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі ашылғанға дейін дарынды балаларды Астана, Алматыға апарып, көздерін жәудіретіп, тастап кететін едік. Қазір Қазақстандағы 17 облыс пен 3 қала ішінде Ақтөбенің мектеп-интернат-колледжі чемпион болып тұр. U15, U17 спортшылары команда бойынша алды келеді,- деді Ерлан Мырзағұлов.
Аса ауыр салмақтағы балуандар аз - бапкер
Қазақстанның өзге өңірлері секілді мұнда да аса ауыр салмақта күресетін балуан аз. Мұны бапкерлер де біледі. Тіпті бір-біріне ауылдарды аралап, іздеуге шығуға кеңес те берді.
- Ауыр салмақта спортшы аз екені рас. 1-2 ғана болады. Себеп - ұсақталып барамыз. Бізге жанашыр ағаларымыз «ауылдық жерлерді аралайықшы» деп ұсыныс та айтқан. Қонақта, дастархан басында отырғанда «ауылда осындай балалар бар, қайратты» деп те ескертеді. Қожалықта, шөп атып жүр олар. Қазір оларды табу, тарту, баулуға бағытталғымыз келеді. Өзіміз тәрбиелеп жатқан балалар да өсіп келе жатыр. Болашақта жақсы нәтиже көрсететі деп ойлаймын. Грек-рим күресінде барлығы 6 бапкер бар. Ауызбіршілікпен, бір қазанда қайнап, ортаға салып, әр балаға жоспар қойып, жұмыс істеп жатырмыз,- деді бапкер.
Ересек спортшыларға академия керек
Мектеп, колледж, университет бітірген спортшы, әрі қарай отбасын таңдап, бала-шаға асырау, ата-анаға қамқор болу қамына кіріседі. Ал спортшы жетістікке жетуі үшін мұның бәрін ысырып, 30-35 жасқа дейін боз кілемде белдесуін жалғастыруы тиіс. Қазақстандық бапкерлер қазір арнайы академия ашу мәселесін қозғап жүр.

- Жас спортшылар 11 бітірген соң кетіп қалады. Олардың психологиясы қиын. Өтпелі кезең ғой. Қымбат телефон, әдемі киімге қызығады. Жолға шыққанда кейде аға болып сөйлесеміз. Сонда сыр ақтарады. Өз қатары қыдырып жүргенде бұлар төрт қабырғаға телміріп жатады. «Сендер шыдаңдар» деп айтамын. Әлем чемпионатын ұтып келіп жатқанда бір кездері кетіп қалған балалар күтіп алады, көреді де қызығады. Біз «күресті тастамағанда осылай болатын еді» деп айтамыз. «Жұрт қызықты көшеден, абыройды интернеттен іздейді, сен осы жерде көрсет» деп еске салып отырамын. Бедел жинап, маман, адам болып шық деп айтамын. Бізде күреске мықтысы да, бапкерлікке икемдісі де болады. Оларды да бағыттап отырамыз. Келешекте аудандарға барса, жақсы бапкер болады. Грек-рим күресі мінезге қарайды. Мінез мықты болуы керек. Жүректі бала іздейміз. Кейбір балалар тәртіпті, мінезі жақсы, тәрбиелі болады. Олар жарысқа барғанда қобалжып қалады,- деді бапкер.
Дінислам Сағитжан - Әлем чемпионатының қола жүлдегері
Бапкер Ерлан Мырзағұловтың айтуынша, 1991 жылы Есенкелді Батырғарин КСРО жастар құрама сапында болып, Чехословакияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдесін алды. Ал 2006 жылы Асхат Құдайбергенов Гватемалада өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанған. 2023 жылы Иорданияның Амман қаласында Дінислам Сағитжан қола медаль тақты. Оның арманы – Олимпиада чемпионы болу.
- Шалқар қаласында жүргенде әкем В.Цеханович спорт мектебіне апарды. Ол кезде 2-сынып оқушысы болдым. Алғашқы бапкерім осы Ерлан Мырзағұлов. 7-сыныпқа жеткенде Алматыдағы «Шаңырақ» спорт колледжіне бардым. Үш жылдан соң осында келдім. Өз бапкерім 9-сыныпта шақырып, жанына алды. 2017 жылы 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан чемпионы атандым. Кейін 2020 жылы жастар арасында күміс жүлде алып, 2023 жылы 20 жасқа дейінгі балуандар арасында Қазақстан чемпионы болдым. Сонымен бірге 23 жасқа дейінгі жастар арасында да ел чемпионы атандым. Былтыр тамыз айында Әлем чемпионатының қола жүлдесін алдым, - деді ол.
Балуан бұған дейін 63 келіде күрессе, қазір 67 келі салмақ дәрежесіне өткен. Бозкілемде өзінің екі әдісін сәтті орындай алады.
- Әр спортшының мақсаты – Олипм шыңын бағындыру. Бірінші Қазақстан, кейін Азия, Әлем чемпионаттарына шығып, кейін жаңа белесті бағындырамыз. Біздің бар өміріміз жаттығу залында өтеді десе де болады. Әдетте екі, жарысқа дайындық кезінде үш рет жаттығу өткіземіз. Оқу-жаттығудың көп пайдасы бар. Өз өңірімізде жүрсек, тиімділігі аз. Ал өзге өңірге барып, көп балуан арасында жүрсек, шыңдала түсеміз. Біз бір-біріміздің әдіс-тәсілімізді білгенмен, бозкілемде бәрі басқаша болады. Онда сәттілік қана жеңіс әкеледі. Екі раундтың 6 минуты біздің тағдырымызды шешеді. Шынын айтқанда біз бозкілемде қарсылас болғанмен, одан шыққан соң біз дос, әріптеспіз. Бірақ шетелде жүрсек бәрі басқаша. Бір салмақта бір адам барған соң елің үшін бар күшті саласың. Арманым – әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы болу. Спортшы үшін тұғырға көтерілу ең күшті сезім, керемет сәт,- деді Дінислам Сағитжан.