Журналист өлімі: Ақтөбеде лифт жұмысына жауапты мемқызметкер жазаланды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде лифт жұмысын тексеріп, дер кезінде әкімшілік жауапкершілікке тартуы тиіс мекеме қызметкері тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Әдеп кеңесінде лифтке жауапты шенеуніктерді жауапқа тартты. Облыстық прокуратураның басқармадағы аға прокуроры Өркен Ещановтың айтуынша, Ақтөбе қаласында 776 лифт бар. Оның 370-і тіркелген болса, өзгесі еш тіркеуге алынбай жұмыс істеген. Барлығы 123 лифттің қолдану мерзімі өтіп кетті.

«Өткен жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде қайғылы оқиға тіркелді. Осы келеңсіз жағдайдан кейін Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3 тармағы бойынша іс қозғалып, сотта қаралып жатыр. Оқиғадан кейін прокуратура жергілікті атқарушы органға лифтті тексеру, қайғылы оқиғаның алдын алуға, шара қолдануға тапсырма берген болатын. Тексеру кезінде комиссия 462 лифттің тек 342-і жыл сайын техникалық рұқсат алғанын білді. Барлығы 412 лифтте техникалық төлқұжат бар, ал 50-де жоқ. Сол себептен Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментіне шара қолдану үшін материалдарды жіберді. Департамент бұл біздің құзырымызға кірмейді деп хатты кері қайтарған. Сол кезде прокуратура араласып, жауапты адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді прокурор Өркен Ещанов.

Прокуратура араласқан соң Ақтөбе қаласындағы 50 лифт өз жұмысын тоқтатып, 128 лифттегі техникалық ақауды жөндеуге ұйғарым берілді. 2018 жылдың 12-19 маусымында 23 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әдеп кеңесінде Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департамент басшысының орынбасары Бауыржан Бекеев өз кінәсін мойындап, мұндай іс бұрын мүлде қаралмаған соң не істерін білмегенін жеткізді. Әрі мемлекеттік мекемеде ақылдасар заңгер таппаған.

«Бұған дейін біз дәл осындай жағдаймен бетпе бет келген жоқпыз. Сондықтан білмей қалдық. Бірақ екі айда шара қолданылып, жауапты адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Бауыржан Бекеев.

Әдеп кеңесі Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департамент басшысының орынбасары Бауыржан Бекеевті қызметіне толық сай емес деген ұсыныс жасады.

Еске салсақ, журналист Айзат Әбдісамат лифтке қысылып қалып, оқиға орнында көз жұмды. Қылмыстық іс бойынша лифтке жауапты «Жанабек сервис» ЖШС-нің директоры мен механик жауапқа тартылып, шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Соңғы жаңалықтар