Жыл басынан бері 18 ақтөбеліктен АИТВ дерті анықталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері 18 ақтөбеліктен АИТВ дерті анықталды. Ауру жұқтырғандардың ішінде ерлердің үлесі басым әрі вирус жас жігіттерден анықталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы ЖИТС орталығында 227 адам тұр. Оның 188-і тұрақты ем қабылдап, күн сайын дәрісін ішеді. Ал өзгесі ем алуға дайындалып жатыр.
Жыл басынан бері 18 адамнан АИТВ дерті анықталды, олардың басым бөлімі - емхана дәрігерлерінің нұсқауымен қан тапсырғандар. Орталыққа барып, арнайы қан тапсырғандардың алтауынан АИТВ анықталды. Бұрын бұл дерт нашақорлар мен жеңіл жүрісті қыз-келіншектерден анықталса, қазір білімді, жұмыс істеп жүрген адамдардың үлесі артты.
«Адамдар қарапайым сақтық шараларын естен шығармауы керек. Бұрын бұл дерт есірткіге тәуелді, тән саудасымен айналысатын адамдардан жиі анықталса, қазір қарапайым адамдардың арасынан жиі тіркеле бастады. Себебі, адамдар вирус жұғады деп мүлде ойламай, кездейсоқ жыныстық қатынасқа барады. Алдын алу үшін отбасына адал болуы керек. Адалдық адамдарды емі жоқ вирустан құтқара алады», - деді Ақтөбе облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы бас дәрігерінің орынбасары Анна Каспирова.
Ақтөбеде үш сәбиден АИТВ дерті анықталған. Оның екеуі ана жатырында вирус жұқтырса, біреуі ананың сүті арқылы ауруға шалдықты.
«Вирус жұқтырған адам бірнеше жыл бойы өзінің ауыратынын білмеуі мүмкін. Ақтөбе облысында өзінің вирус жұқтырғанын 9 жыл бойы білмеген адам да болды. Бәрін қан тапсыру арқылы білеміз. Соңғы жылдары жас әрі ер адамдардан вирус жиі анықтала бастады. 20-29 жас аралығындағы жастардың үлесі 44 пайызға жетті», - деді орталықтың бөлім меңгерушісі Айжан Жайлаубаева.
Айта кетейік, 2 жасында АИТВ жұқтырғаны анықталып, кейін уақтылы ем қабылдаған азамат бүгінде 30-дан асқан. Мамандар тұрақты ем қабылдаған адамның ұзақ жасайтынына сенімді.