Жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен - Премьер

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кейбір өңірде көмірмен қамтамасыз ету проблемаға айналды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір өңірде көмірмен қамтамасыз ету және оны уақтылы жеткізіп беру проблемаға айналды. Бұл – жыл сайынғы жүйелі жұмыс. Онда ешқандай іркілістер мен кемшіліктер болмауы тиіс еді. Біз алдын ала болжау жүйесінің жұмыс істемейтініне көз жеткіздік», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы бұған дейін жабдықтардың техникалық жай-күйіне уақтылы, кешенді және объективті бағалау жүргізілмегендігін баса айтты.

«Жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен. Уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқаулықтары тек қана ұсыныс деңгейінде болды, меншік иелерін оларды толықтай орындауға міндеттемейді. Сондықтан, қордаланып қалған мұндай проблема өте көп. Олардың басым бөлігі жылу желілерінің тозуына қатысты», - деді Премьер-Министр.

Айта кетсек, бүгінгі отырыста Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев атап өткендей, Павлодар, Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу желілері көп тозған.

Министрдің айтуынша, 2029 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 43 пайызға дейін төмендету міндеті тұр.


Соңғы жаңалықтар